Шахтинскідегі газ жарылысы: қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды

0
102

Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті.


Шахтинскідегі газ жарылысы: қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды

Фото: Бейнежазбадан

ERNUR.KZ. Шахтинск қаласындағы тұрғын үйде болған газ-ауа қоспасының жарылысына қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп жазады inbusiness.kz.

Еске сала кетсек, оқыс оқиға Қарағанды облысының Шахтинск қаласында болған. Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонының жарылып, артынша пәтердегі жиһаз бен тұрмыстық заттар отқа оранған. Оқиға орнына 4 минутта жеткен өрт сөндірушілер жедел түрде эвакуация шараларын ұйымдастырып, жоғарғы қабаттардан баспалдақ арқылы бес адамды шығарған.

– Өрт сөндірушілер келгенге дейін тұрғындардың бір бөлігін полиция қызметкерлері эвакуациялады, қалғандары ғимараттан өздігінен шықты. Тұрғындар үшін жылыту пункті ұйымдастырылып, ТЖМ вахталық автокөлігі арқылы жылы орналастыру қамтамасыз етілді, – деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Оқиға салдарынан сегіз адам зардап шекті, оның бесеуі – полиция қызметкерлері. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.

40 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД басшысының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.

– Бөтеннің мүлкін қасақана жоюға әкеп соққан өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері 40 жастағы күдіктіні ұстады. Қазіргі уақытта ол Шахтинск қалалық ауруханасының арнайы палатасына жатқызылып, күзетпен ұсталып отыр. Сауығып шыққаннан кейін ол уақытша ұстау изоляторына қамалады, – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Тергеу жүргізіліп жатыр.