Шавкат Мирзиёев өзбекстандықтарды белсенді түрде вакцина алуға шақырды

0
567

Эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты Өзбекстанда 28 шілдеден бастап карантиндік шаралар күшейтілді.


Шавкат Мирзиёев өзбекстандықтарды белсенді түрде вакцина алуға шақырды

ERNUR.KZ. Өзбекстан Президенті эпидемиологиялық ахуалдың өршіп тұрғанына байланысты халықты белсенді түрде вакцина алуға шақырды. Бұл туралы ел Президенті Шавкат Мирзиёевтың төрағалығымен өткен бейнеселекторлық жиналыстың қорытындысында айтылды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мені әлемнің жетекші ғалымдарының зерттеуі қызықтырды: олардың бағалауынша, коронавирус пандемиясы 10 жылға созылмақ. Бізге осы вируспен өмір сүріп үйрену керек. Аурудың таралуы тағы да күшейді. Мұндай қиын жағдайда азаматтардан батыл шешімдер қабылдау талап етіледі, сол себепті барлығына вакцина алу керек», - деді Өзбекстан президенті.

Ол үкіметтің әр азамат үшін күресетінін және бұл іске керекті қаражатты жұмсайтынын атап өтті. Сонымен қатар азаматтардың да өз өмірі мен денсаулығы үшін жауапты екенін еске салды. «Вакцина алғандар ауруханадан төрт күн ішінде шығып жатыр, ал екпе алмағандар қатты ауыруда. Иә, вакцина алғаннан кейін де ауруды жұқтыруыңыз мүмкін, алайда бұл жағдайда ауру жеңіл өтеді», деп атап өтті Шавкат Мирзиёев.

Еске сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалдың өршуіне байланысты Өзбекстанда 28 шілдеден бастап карантиндік шаралар күшейтілді. 17 шілде күні Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы комиссия 18 жастан жоғары сауда, қоғамдық тамақтандыру, қызмет көрсету және білім саласындағы азаматтарды, сонымен қатар әскерилер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін міндетті вакциналау туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде Өзбекстан Республикасының Парламенті халықтың жұмыс істейтін бөлігін міндетті вакциналау туралы заң жобасын қарастыруда.