Щучье дәмханасындағы жарылыс: Жарақат алған адамдардың бірі ауруханада көз жұмды

0
141

Ер адам Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем қабылдаған және оның жағдайы аса ауыр болған: өрт кезінде жоғарғы тыныс жолдары қатты зақымданған.


Щучье дәмханасындағы жарылыс: Жарақат алған адамдардың бірі ауруханада көз жұмды

фото:stan.kz.

ERNUR.KZ. Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем алып жатқан тағы бір зардап шегуші көз жұмды, деп жазады stan.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, Щучье қаласындағы "Палау орталығы" кафесіндегі өрт кезінде зардап шеккен тағы бір адам есін жимастан жансақтау бөлімінде қайтыс болған.

Ер адам Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығында ем қабылдаған және оның жағдайы аса ауыр болған: өрт кезінде жоғарғы тыныс жолдары қатты зақымданған.

Ақмола облысы Бурабай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі пациенттердің жағдайы бақылауда екенін мәлімдеді.

“Қайтыс болған адамның туған-туыстарына жан-жақты көмек көрсетіледі, оның ішінде жерлеу рәсімін ұйымдастыру да бар. Бұл іске "Палау орталығы" кафесі мен әкімдік те қатысады. Жерлеу шараларын ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті”, – делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 27 ақпанға қараған түні Щучье қаласындағы кафеде газ баллоны жарылған еді. Сол кезде жеті адамның қаза тапқаны хабарланған.

Кейін құрбандар саны тоғызға жетті. Одан соң жансақтау бөлімінде жатқан тағы екі адам көз жұмды. Сондай-ақ жарылыс пен өрттен зардап шеккен бес адам Астанаға жеткізілгені хабарланған. Олардың төртеуі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ұшақпен, тағы бірі жерүсті көлігімен жеткізілген.