Әділхан Сейсембай тұрғылықты үйінен 3 шақырым қашықтан табылған.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында жоғалып кеткен 3 жасар бала бір күннен соң аман-есен табылды, деп жазады Azattyq Ruhy.
ШҚО полиция департаменті хабарлағандай, Әділхан Сейсембай тұрғылықты үйінен 3 шақырым қашықтан табылған.
«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкері Айдар Дүйсенбаев баланы тұрғылықты жерінен 3 шақырым жердегі алқаптан тауып алды. Қазіргі уақытта бала үйінде, ата-анасының қасында. Олар іздестіруге көмектескен барлық азаматтарға алғысын айтып жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - делінген ПД хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін 3 жасар баланың жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Бүлдіршін аулаға ойнауға шығып, артынша жоғалып кеткен. Баланы іздеу жұмыстарына барлығы 621 адам жұмылдырылып, квадрокоптер мен тікұшақ тартылды.