Мұндай шешім жобасы облыстық мәслихаттың сайтында жарияланған.
Фото: Ақсу ауылдық округінің әкімдігі
ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстанда тұрғындары аз екі елді мекен — Катонқарағай ауданындағы Шұбарағаш және Үлкен Нарын ауданындағы Құндызды ауылдарын тарату мәселесі қарастырылып жатыр, деп жазады inform.kz.
Мұндай шешім жобасы облыстық мәслихаттың сайтында жарияланған.
Құжатқа сәйкес, Шұбарағаш ауылын Жамбыл ауылына, ал Құндыздыны Новохайрузовка ауылына қосу ұсынылып отыр. Себебі — тұрғын санының азаюы және әлеуметтік инфрақұрылымның болмауы.
Жергілікті тұрғындар мұндай шешімнің күтілгенін айтады.
— Бұрын халық көп болатын, мектеп, ферма жұмыс істеді. Қазір бірнеше адам ғана қалды, негізінен олардың дені үлкендер. Күнкөріс қиындады, дүкен жоқ, қыста жолды қар басып қалады, — деді ауыл тұрғындары.
Катонқарағай ауданы әкімдігінде елді мекендер мәртебесін жою ондағы тұрғындардың жағдайын нашарлатпайтынын түсіндірді.
— Үлкен ауылдардың құрамына қосылу тұрғындарға мектеп, фельдшерлік пункт, дүкен, жол сияқты әлеуметтік нысандарды пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл — халыққа көрсетілетін қызметтерді оңтайландыруға және жақсартуға бағытталған әкімшілік шара, — деп хабарланды аудан әкімдігінен.
Ауылдарды тарату туралы мәселе тұрғындармен болатын талқылаудан кейін облыстық мәслихаттың алдағы сессиясында қаралмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстанда тағы 30 ауылдың жойылуы мүмкін екені хабарланған. Оның бесеуі қазірдің өзінде таратылған.


