Шығыс Қазақстанда қалың қар жауды: құтқарушылар жеті адамды эвакуациялады

0
147

Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері қар жауып, боран соғып тұр, таулы аймақтарда кей уақытта қалың қар жауып жатыр.


Шығыс Қазақстанда қалың қар жауды: құтқарушылар жеті адамды эвакуациялады

Қазақстан ТЖМ видеосынан кадр

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Құйған ауылдық округінде электр желілерінде жұмыс істеп жүрген энергетикалық компанияның жеті қызметкері екі көлікпен қар құрсауында қалып қойған, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл туралы бейсенбі, 22 қазанда Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, оқиға Татарка учаскесінде болған. Көмекке өтімді арнайы техникамен құтқарушылар барды.

"Құтқарушылар жеті адамды жақын маңдағы елдімекенге эвакуациялады. Оларға медициналық көмек қажет болмады", - делінген хабарламада.

Министрлік қазақстандықтарды ауа райы жағдайын ескеруге, дауылды ескертулерді қадағалауға және қыс мезгілінде жолға шығар алдында құтқарушылардың ұсыныстарын орындауға шақырды.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысында бірнеше күннен бері қар жауып, боран соғып тұр, таулы аймақтарда кей уақытта қалың қар жауып жатыр.

"Қазгидромет" синоптиктерінің болжамы бойынша, жұма, 23 қазанда өңірде жауын-шашын (негізінен қар) мен көктайғақ болады. Солтүстікте, шығыста және таулы аймақтарда қалың қар жауады деп болжанады. Батыста, солтүстікте, шығыста және таулы аймақтарда бұрқасын болуы мүмкін. Жел батыстан, солтүстік-батыстан соғады, батыста, солтүстікте және оңтүстікте екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.

Бұған дейін Павлодарда қар мен қатты желге байланысты FlyArystan рейстері тоқтатылды. Әуекомпания рейстердің тоқтатылуын қолайсыз ауа райына байланысты ұшақтарды мұздануға қарсы өңдеудегі қиындықтармен түсіндірді. Әуежай әкімшілігі бұл шараны жүргізуге барлық мүмкіндік бар екенін хабарлады.