Синоптиктер алдағы көктем қандай болатынын болжады

0
659

Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде - нормадан көп болады деп


Синоптиктер алдағы көктем қандай болатынын болжады

ERNUR.KZ. "Қазгидромет" РМК синоптиктері Қазақстан аумағы бойынша 2024 жылғы наурыз-мамыр айларына көктемге арналған маусымдық ауа райы болжамын жариялады, деп жазады baq.kz.

Наурыз - көктемнің бірінші айы. Елдің солтүстік өңірінде Наурызда бірден күн жылынып кетпейді, кей күндері күн райы суытып, қар жауып, бұрқасын болсын, көктайғақ болып, тұман басады. Бұл күндері температура фоны төмен, түнде 15-25 градус аяз болады деп болжанып отыр.

Елдің солтүстік, орталық және шығысында бірінші онкүндікте ауа температурасының күндіз 2-7°С жылыға дейін жоғарылауы болжанады, ал көктемдегідей жылы ауа райы айдың үшінші онкүндігінде қуантады, күндіз 5-15°С жылы болады.

Ал Қазақстанның оңтүстік, оңтүстік-батыс оңірлерінде наурыз айы – нағыз көктем айы, бірақ жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) жиі жауады. Ауа температурасының түнде 0,-10°С-тан +3+8°С-қа дейін, күндіз 0,+10°С-тан +10+18°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Наурызда бір айдағы орташа ауа температурасы Қазақстан аумағының басым бөлігінде нормаға жуық, елдің оңтүстік-шығыс бөлігінде нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде. Наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде - нормадан көп, Қазақстанның оңтүстік-батыс, солтүстік-батыс бөлігінде норма шамасында болжанады.

Сәуір және мамыр айларында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде, тек мамырда елдің солтүстік-батыс жартысында температуралық фон нормаға жуық болады деп болжануда.

Сәуір айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын климаттық нормаға жуық күтіледі, елдің солтүстік-батысында нормадан аз, елдің оңтүстік, оңтүстік – шығыс, шығысының таулы аймақтарда нормадан көп болады. Мамыр айында республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады деп болжануда.

Анықтама: маусымдық ауа райы болжамы жылына алты рет шығарылады: 1 болжам жылы жартыжылдыққа, 1 болжам суық жартыжылдыққа, олар Қазақстан Республикасының 17 облысы бойынша қыс, көктем, жаз және күз мезгілдеріне арналған 4 тоқсандық болжаммен нақтыланады:

  • 15 ақпанда көктемге арналған (наурыз-мамыр);
  • 15 наурызда (сәуір-қазан) жылы кезеңге арналған;
  • 15 мамырда (маусым-тамыз) жазға арналған;
  • 15 тамызда күзге арналған (қыркүйек-қараша);
  • 15 қазанда (қараша-наурыз ) суық кезеңге арналған;
  • 15 қарашада (желтоқсан-ақпан) қысқа арналған.

Маусымдық ауа райы болжамы ауа температурасы мен жауын-шашын бойынша орташа алынған метеорологиялық көрсеткіштердің, қарастырылып отырған маусымдағы климаттық нормадан ауытқу (аномалия) ретінде көрсетілген сипаттамасы; оны консультативті ретінде пайдаланылуы тиіс, ол қысқа мерзімдерге (тоқсандық маусымдық болжам, ай, онкүндік, апта және күн) болжамдармен нақтыланады.