СҚО-да карантин талаптары жеңілдетілді

0
713

Бүгіннен бастап шағын және орта бизнестің тамырына қайтадан қан жүгіре бастады.


СҚО-да карантин талаптары жеңілдетілді

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында бүгіннен бастап карантин талаптары жеңілдетіле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Атап айтсақ, алғашқы кезеңде құрылыс, жол жөндеу кәсіпорындары мен асфальт зауыттары өз жұмыстарын қайтадан жандандырады. Және де кәсіпкерлер үшін халыққа қызмет көрсету орталықтары ашыла бастады.

Карантин кезінде облыста барлығы бес жарым мың мекеме жұмыс істеген еді. Санитарлық талаптарды қатаң сақтай отыра. Тек шағын және орта бизнес қана уақытша қызметін тоқтатты. Енді бүгіннен бастап, олардың тамырына қайтадан қан жүгіре бастады. Себебі құрылыс және жол жөндеу жұмыстары қолға алынбақ. Бірінші кезеңде шамамен 45 мың адам жұмысқа тартылатын болды. Оның алты жарым мыңнан астамы әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеуге жұмылдырылмақ. Мұнымен қоса, саяжайға баруға рұқсат етілді. Бірақ әлі де шектеулер бар. Сондай-ақ дәрігердің қарауына алдын ала жазылып, ауруханаға баруға мүмкіндік бар.

– Ауруханаға жоспарлы түрде жатқызуды және кеңестік-диагностикалық көмек көрсетуді қайта бастаймыз. Оған қоса, адвокат кеңселері, автожуу, шиномонтаж, техникалық қызмет көрсету станциялары, химиялық тазарту, техника жөндеу пунктері қайта ашылады. Тұрғындар өз ауданында орналасқан нысандарда ғана бару қажет. Біз шектеулерді экономиканың дамуы үшін жұмсартып отырмыз. Тұрғындар қатаң тәртіпке бағыну қажет. Қауіп әлі де бар. Адамдардың жауапкершілігіне үміттенеміз, - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Күн жылынып, шаһарда бірқатар жұмыс қола алынғаны белгілі.

Ал сөз соңында айта кетейін, өңірде супермаркеттер мен азық-түлік дүкендерінің жұмыс істеу уақыты ұзартылды. Яғни олар таңғы 8-ден кешкі 7-ге дейін істейді. Жалпы өңірде осы уақытқа дейін 30 адам қауіпті індетті жұқтырған еді. Оның 4-і бүгінгі күні ем қабылдап жатыр. Қалғандары құлан таза айығып шықты.