Үкімет басшысы елге ағылып жатқан ресейліктерге заң аясында қызмет көрсетілетінін атап өтті
ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Ресей азаматтарының Қазақстанға көптеп келуіне байланысты үкімет мүшелеріне тапсырма берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Премьер шетел азаматтарына заң аясында қызмет көрсетілетінін атап өтті.
"Біз халықаралық міндеттерімізді орындай отырып, өз еліміз бен халқымыздың мүддесінен жоғары құндылық жоқ екенін ұмытпауымыз қажет. Ең маңызды мәселенің бірі – құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік", - деді ол үкімет отырысын бастамай тұрып.
Сонымен қатар Смайылов жалға берілетін баспана бағасының өсуінен қазақстандықтар қиын жағдайға тап болғанын айтты. Осыған байланысты премьер жауапты органдарға тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыру бойынша тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
"Еңбекпен қамту бойынша, ең алдымен, қазақстандықтардың жай-күйі, жұмыс жағдайы біз үшін басымдық. Барлық кәсіпорын мен мекемелер осыны естен шығармауы керек. Ал көршілес елден келген мигранттар белгіленген заңнама шеңберінде ғана еңбек ете алады", - деп мәлімдеді Смайылов.
Жағдай үкіметтің күнделікті бақылауында.