Электронды сауда алаңында смартфон 535 мың теңгеге сатылған.
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында танымал сауда алаңы арқылы қымбат смартфон сатып алған ер адамға парафин шамы салынған қорап келді. Ол бірден тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне арызданды, деп жазады sputnik.kz.
Электронды сауда алаңында смартфон 535 мың теңгеге сатылған. Облыс тұрғыны банктен кредит алып, ұялы телефонға төлеген. Тауарды курьерлік қызмет жеткізген. Ал сатып алушы оны постоматтың жәшігінен өзі барып алыпты.
Ер адам сәлем-сауқатты алған бойда ішінде смарфонның жоқ екенін түсінді. Себебі қораптың салмағы тым жеңіл болған. Содан ол видеосын қосып, бәрін түсіріп алған. Қаптамасын алып қарағанда ішінде смартфон емес, парафин шам жатқан. Ол алдымен сатушыға хабарласып көреді. Бірақ нәтиже шықпаған. Содан тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне арыз түсірді.
"Электронды сауда алаңының иесіне талай хат жазылды. Call-орталығына да арыз жазылды. Соның нәтижесінде 535 мың теңгеге смартфон сатып алу бойынша кредит келісімшарты бұзылды. Осы мәселені шешуге тауарды ашу кезінде видеожазбаның көмегі зор болды", – дейді департамент мамандары.
Ондай оқиғалар аз емес. Бұған дейін Петропавл қаласының прокуратурасына бір келіншек арызданды. Ол да интернет сайт арқылы 50 проценттік жеңілдікпен зат сатып алған. Бірақ сапасы жарнамасына сай болмай шықты. Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті арызды қарап, тергеу жүргізді. Соның нәтижесінде сатушы 31 мың теңгені қайтарып берді.