Сот сараптамалары орталығының қызметі жүйелі түрде жаңғыртылуда

0
93

Сот сараптамасы – әділ әрі объективті шешімдер қабылдау үшін ғылыми негізді қамтамасыз ететін, сот төрелігі жүйесінің негізгі салаларының бірі.


Сот сараптамалары орталығының қызметі жүйелі түрде жаңғыртылуда

ERNUR.KZ. Қылмыстарды тергеудің тиімділігі мен қоғамның сот жүйесіне деген сенім деңгейі сараптамалық зерттеулердің сапасы мен шынайылығына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда бұл сала белсенді даму кезеңін бастан өткеруде: цифрландыруға, жаһандануға және қылмыс сипатының өзгеруімен байланысты жаңа сын-қатерлер, сонымен бірге – заманауи технологиялар мен әдістемелерді енгізу қажеттілігі туындап отыр. Осы себепті Сот сараптамалары орталығы материалдық-техникалық базаны нығайтуды, инновациялық әдістемелерді әзірлеуді және процестерді цифрлық трансформациялауды ұштастыра отырып, өз қызметін жүйелі түрде жаңғыртуда. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Қазір Сот сараптамалары орталығы Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының міндеттерін рет-ретімен іске асыруда. Бұл жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – зертханаларды жаңа синтетикалық есірткілерді анықтауға және зерттеуге арналған заманауи құралдармен кезең-кезеңімен жабдықтау болып отыр.

«Биыл зертханалық жабдықтарға арналған бағалар қайта қаралып, өзектендірілді. Бұл шара бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ғана емес, сонымен қатар сатып алулар көлемін арттыруға да мүмкіндік берді. Егер бастапқыда ағымдағы жылға 9 бірлік жабдық алу көзделген болса, бағаларды қайта қарағаннан кейін 32 бірлікті сатып алуға мүмкіндік пайда болды», – деді спикер.

Бұл жабдықтар сарапшыларға есірткі заттарының іздік мөлшерлерін де анықтауға, олардың химиялық құрылымын дәл белгілеуге және заңсыз нарықта жиі пайда болып жатқан жаңа синтетикалық есірткілерді дер кезінде тануға да мүмкіндік береді. Бұл –заманауи газды хроматографтар, масс-спектрометрлер және сұйықтық хроматографтар. Онсыз сот процестерінде сапалы әрі ғылыми негізделген қорытындыларды қамтамасыз ету мүмкін емес. Оларды пайдалануға беру ағымдағы жылдың қазан–қараша айларына жоспарланған. Мұндай қадам елдің сараптамалық әлеуетін күшейтеді және материалдық-техникалық базаны қалыптастыруға қатысты ұтымды көзқарасты көрсетеді.