Су тасқынына дайындық аясында барлық көпір мен су құбырлары тазартылды

0
111

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңі басталғалы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.


Су тасқынына дайындық аясында барлық көпір мен су құбырлары тазартылды

ERNUR.KZ. Республикалық маңызы бар автожолдарда қауіптің алдын алу және салдарын азайту үшін барлық қажетті күштер мен техникалар жұмылдырылды. Алдын ала дайындық аясында жол қызметтері су өткізу құбырларын тазалау, техниканы әзірлеу, қажетті материалдар қорын жинақтау, сондай-ақ тәулік бойы мониторинг пен патрульдеуді ұйымдастыру сияқты кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бұл жайында басқарма төрағасы Дархан Иманашев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, 2026 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша автожолдардағы ахуал тұрақты және оң динамика байқалады.

«Атап айтқанда, су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 284-тен 184-ке дейін азайды. Ал олардың жалпы ұзындығы 206 шақырымнан 83 шақырымға қысқарды. Сонымен қатар су жайылу жағдайлары 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеді. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Су өткізу инфрақұрылымын дамыту да маңызды нәтиже берді. 2025 жылы барлығы 582 су өткізу құбыры орнатылды. Оның ішінде 162-сі қайта жаңарту жобалары аясында, 54-і күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылды», – деді спикер.

Биыл тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыстар қар еріген кезеңде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Су тасқыны жағдайы жыл сайын өзгеріп отырады. Кейбір жаңа қауіпті учаскелер бұрын қауіп тіркелмеген жерлерде де пайда болуы мүмкін. Бұл жер бедеріне, қардың еру қарқынына, температураның күрт ауытқуына және су қоймаларындағы су деңгейіне байланысты. Сондықтан жаңа учаскелерде су жайылу қаупі сақталып, тұрақты бақылауды қажет етеді.

Жалпы ұзындығы 25 мың шақырым автожолдар желісінде 1 429 көпір және 15 458 су өткізу құбыры бар. Су тасқынына дайындық аясында олардың барлығы толық тазартылды. Қазір еріген суды өткізу үшін 974 құбыр пайдаланылуда.

Су тасқынына қарсы жұмыстарға 988 бірлік техника тартылып, арнайы кезекші бригадалар жасақталған. Барлық қызмет проблемалық учаскелерге жедел шығуға дайын.

Д. Иманашевтың мәлімдеуінше, ел жолдарындағы ахуал тәулік бойы бақылауда. Үздіксіз патрульдеу жүргізіліп, гидрологиялық жағдайдағы кез келген өзгеріске жедел әрекет жасалуда. Барлық жұмыс нақты уақыт режимінде үйлестіріледі.