Сыннан сүрінбей өткен үш адам тағы ауызша емтихан тапсырады
ERNUR.KZ. Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы біліктілік комиссиясы өткізген емтиханның қорытындысы жарияланды. Емтихан қорытындысы туралы Жоғарғы соттың судьясы, Жоғары сот кеңесінің мүшесі, Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы біліктілік комиссиясының төрағасы Әділ Құрықбаев айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жоғарғы сот кеңесінің жұмысын модернизациялау, жаңғырту бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Біріншіден, сотта мәселенің бәрін кадр шешеді. Ал кадрды біз қайдан алып жатырмыз? Кадрларды Жоғарғы сот, әлбетте, республикамыздың заңгерлерінен жинайды. Қазақстанның бүгінгі күнгі заң талабына сәйкес, жасы отызға толған, заң тұрғысында жоғары білімі бар және моральдық адамгершілік қасиеттері мінсіз беделі бар, оның үстіне он жылдан астам уақыт заң саласындағы жұмыс өтілі бар адамдар судья қызметіне өздерін өздері ұсына алады. Бүгінгі күні біз кадр мәселесін реттеу бағытында Жоғарғы сот жүйесіне келейін деп жатқан үміткерлерді іріктеуді жаңа әдіспен, жаңа тәртіппен жүргізе бастағанымызды жеткізгіміз келеді», - дейді Әділ Құрықбаев Жоғары сот кеңесінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, жаңа әдістің қорытындысы бойынша екі қайтара біліктілікті қабылдау емтиханы өткізілген.
«Бірінші сатысы осы жылдың қыркүйек айында өткізілді. Ол кезде біз 70 адамды үміткер ретінде шақырдық. Үміткер ретінде шақырылған осы 70 адамның алпысы келіп, ең бірінші сатысы болып есептелетін психологиялық тестілеуден өтті. Психологиялық тестілеуді біз жаңа технологиялармен, өзіміздің менталитеттік қасиетімізді есепке алып, қазақ халқының бойындағы қасиеттерді есептей отырып және қандай адам сот бола алады деген методологиялық әдістер негізінде өткіздік. Алғашқы 60 адамның психологиялық тесттен 23-і өтті. Ал одан психологиялық тестілеуден өткен үміткерлер эссе ретінде өз ойларын қысқа жазатын болады. Эсседен кейін ол 11 заң саласына байланысты компьютерлік тестілеуден өтеді. Осы компьютерлік тестілеуге 23 адамның 17-і тілек білдірген. Оның 17-нің бар-жоғы үшеуі ғана керекті балл жинап, біліктілік емтиханынан өтті деп есептелінді», - дейді ол.
Әділ Құрықбаев өз сөзінде атап өткендей, сыннан сүрінбей өткен үш адам тағы ауызша емтихан тапсырады. Ауызша емтихан негізінен үш құқықтық сипатта жасалған есептерді жасаудан тұрады.
«Есептерді шешуде үміткер нені білуі керек? Яғни, үміткер осы құқықтық жағдайдың қандай заңмен шешілетінін айқындап, дәлелдерін келтірген жағдайда сыннан өтеді. Үміткер ауызша емтихан тапсыру үшін екі сағаттың ішінде ол бізге құқықтық есептің жауабын жазбаша түрде алып келіп, біз комиссия мүшелері жауаптарын жарты сағаттың ішінде тексеріп қарап шығып, одан кейін үміткерді әңгімелесуге шақырамыз. Бұрын тапсырылған емтихан кезінде бұл сыннан іріктелген үш адамның екеуі өтіп, біреуі өтпей қалған болатын», - дейді Әділ Құрықбаев.
Әділ Құрықбаевтың айтуынша, комиссия құрамында 16 адам бар. Үміткерлер судья атану үшін ҚР Жоғарғы сотына келіп, емтихан тапсыруға барын салуы керек.
«Соңғы рет (осы айда - авт.) емтиханнан өтуге 50 адам өтініш білдіріп, олардың 40-ы психологиялық тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Одан 17-і адам өтіп, олардың 14-і компьютерлік тестілеуге келген. Бүгін барлық сыннан сүрінбей, судьялыққа үміткерлердің үшеуі ғана өтіп отыр», - деп түйді Әділ Құрықбаев.