Талайды қан қақсатқан "Гарант 24" жарнамасы Қарағандыда әлі ілініп тұр

0
777

Тұрғын атышулы ломбардтың жарнамасы баннерде әлі ілініп тұрғанына таңғалған.


Талайды қан қақсатқан

ERNUR.KZ. Қарағандыда ер адам "Гарант 24" компаниясының жарнама баннерін суретке түсіріп алды, деп жазады Tengrinews.kz.

Атышулы ломбардтың жарнамасын Жанболат есімді ер адам көріп, кеншілер астанасында жетекшілері қамауға алынса да, компаниясының атауы әлі ілініп тұрғанына таңғалған.
"Қарағандыға басқа қаладан келіп, мына баннерді көріп, жағамды ұстадым. Оны алып тастау керек деп есептеймін. Бұл компания мыңдаған адамды жылатты. Әлі күнге ілініп тұрғаны - жергілікті атқарушы органдардың шалалығы", - дейді сурет авторы.
Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер конструкция иесіне баннерді демонтаждауға кеңес берілгенін хабарлады. Сөйтсек, бұл жарнама орнының иесі "Медиа Высот Монтаж" ЖШС екен. Бұл компанияның қызметкерлері баннердің 3 наурызда алып тасталатынын жеткізді.
"Тапсырыс берушімен бұл жарнама бір ай ілініп тұрады деген келісім болған, ертең уақыты өтеді. Келісімшарт жасасу кезінде біз компанияның қандай екенін білмедік. Қала бойынша біз тек осы баннерді ілдік", - дейді компаниядағылар.
Полиция департаментінің өкілдері де бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, "Гарант 24" компаниясының өңірлік директорларына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Соталды тергеу органы "Гарант 24" компаниясына байланысы бар барлық жарнаманы алып тастау бойынша хат жолдапты.
Еске алайық, 21 ақпанда Қазақстанның бірнеше қаласында "Гарант 24" пен "Estate Ломбард" ломбардтарының жүздеген салымшысы компания кеңселерінде шу шығарып, құйылған ақшаны қайтаруды талап еткен. Кейін еліміз бойынша бірнеше қалада компания филиалдарының басшылары ұсталғаны белгілі болды.
Кейін қазақстандық танымал тұлғалар бұл компанияларды жарнамалағаны үшін кешірім сұрап, өздерінің де алаяқ құрбаны болғанын мойындаған.