Талапқа сай келмейтін базарлардың қызметі тоқтатылады

0
163

Базарларға қатысты 11 жаңа талап қосылды, бұл тексерулердің тиімділігін арттырады.


Талапқа сай келмейтін базарлардың қызметі тоқтатылады

ERNUR.KZ. Ел заңнамасының талаптарына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңғырту жұмыстарын аяқтамаған базарлардың иелеріне қатысты әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал, талаптар орындалмаған жағдайда, сауда базарларының қызметін уақытша тоқтату немесе кейіннен толық жабу туралы материалдар сотқа жолданады. Бұл туралы ҚР СИМ Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтты.

Осы орайда Министрлік базарлар қызметін құқықтық реттеу бөлігінде сауда қызметтерінің Ұлттық стандарттарын әзірлеп, енгізді.

«Санитарлық, өртке қарсы, қала құрылысы, сондай-ақ сатып алушылар мен кәсіпкерлер үшін қауіпсіздік пен жайлылық талаптары сияқты барлық процестерге бірыңғай талаптар қойылды. Ішкі сауда және сауда базарлары қызметінің ережелері жетілдірілді. Жаңа редакцияда стандарттар мен нормаларды сақтау міндеттілігі, базар регламенттерін бекіту тәртібі, әкімшілерге қойылатын талаптарды және жалдау шарттарын жасасудың бірыңғай тәртібі бекітілді. Заңнаманың сақталуына және әкімшілік ықпал ету шараларына бақылау күшейтілді. Тәуекелдерді бағалау критерийлері мен тексеру парақтары қайта қаралды», – деді спикер.

Айта кетерлігі, базарларға қатысты 11 жаңа талап қосылды, бұл тексерулердің тиімділігін арттырады. Базар әкімшілерінің тең қолжетімділікті бұзғаны, жалдау шартын жасасудан бас тартқаны, уақытылы жаңғыртпағаны үшін әкімшілік жауапкершілік бар. Сондай-ақ заңсыз жұмыс істейтін базарлардың қызметін тоқтата тұру туралы өтінішпен сотқа талап қою мүмкіндігі қарастырылған.