Талдықорғанда фермер бақташыны көлікпен басып өткен

0
560

Күдікті қамауға алынды.


Талдықорғанда фермер бақташыны көлікпен басып өткен

ERNUR.KZ. Талдықорғанда фермер қол астындағы жұмыскерін сабап тастады. Оған дейін көлікпен қағып, үстінен басып өткен, деп жазады sputnik.kz.

Полиция 43 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбір көрген ер адам фермада отбасымен бірге тұрған. Ол кәсіпкердің малын баққан. 2 мамыр күні екеуі сөзге келіп қалған.
Жанжалдан кейін бақташы әйелі мен кәмелет жасқа толмаған балаларын алып, фермадан кетемін деп шыққан. Сол кезде күдікті оны Lexus-470 көлігімен қуып барған. Фермер оны көлігімен басып өтті деген күдік бар. Одан кейін шығып, тағы ағаш таяқпен ұрған.
Дәрігерлер гемопневмоторакс анықтады. Ондайда адамның кеудесінде қан жиналып қалады. Бұдан бөлек, тоғыз қабырғасы мен жауырыны сынған. Жәбірленуші облыстық ауруханаға жатқызылған.
"Күдікті қамауға алынды. Медициналық сараптама оның жеңіл түрде мас болғанын көрсетті", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін үш жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.