"Таңғы беске дейін дәрігерлер өмірі үшін күресті": Әбдірайымовтың достары не дейді

0
784

Үш күн бұрын Грузияға түсірілімге кеткен актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов 55 жасында қайтыс болды.


ERNUR.KZ. "Ол үнемі көңілді жүретін, оны Қазақстанда ғана емес, шетелде де көрермендері өте қатты жақсы көретін. Ол актер ғана емес продюсер ретінде де өзін көрсете білген мықты маман". Шетелде түсірілімге барып, сол жақта дүниеден өткен қазақстандық актер Фархат Әбдірайымов жайлы өнер мен өмірдегі достары осылай дейді, деп жазады sputnik.kz.

Олар Қазақстан кинематографиясының қара жамылғанын айтты. Ал өздері Фархат Әбдірайымовтың дүниеден өткеніне әлі сене алар емес. Актер небәрі 55 жаста еді.

Бірнеше жыл бұрын жүрегіне ота жасатқан

Фархат Әбдірайымовтың бала күннен бірге келе жатқан досының бірі – актер Арман Әсенов. Айтуынша, екеуінің әкесі де дос болған. Өнер жолын бастағаннан бір-біріне қолдау көрсеткен.

"Өмір бойы дос болып келе жатырмыз. Әкелеріміз дос болған. Киноларға бірге түстік. Нағыз азамат, нағыз дос, өз елінің патриоты болды. Фархат үнемі көңілді жүретін. 1994 жылдан бастап киноға түсе бастадық, түсірілімнің бәрінде бірге жүрдік. Керемет адам еді", – дейді Арман Әсенов.

Әбдірайымов тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де көпшілікке танымал болды.

"Фархатпен байланысты естелік өте көп. Бірде Болат Мансұровтың фильміне Мәскеуде өте ұзақ уақыт түстік. Мен Атилланы, Фархат менің әкем болып ойнады. Қай жерге барсақ та оны бәрі қатты жақсы көретін. Мәскеуде метрода адамдар өткізбей, қолтаңба беруін сұрады. Ол көп жағдайда қазақстандық фильмдерге түскенімен, Ресейде оны көп адам таниды", – дейді ол.

Айтуынша, Фархат осыдан бірнеше жыл бұрын да инфаркт алған. Содан кейін жүрегіне операция жасатқан. Үнемі берілген дәрілерді ішіп, денсаулығын күткен. Операциядан кейін 2 топтағы мүгедектік алған.

"Басқа елге ұшып бару, Тбилисидің таулы аймақ екені – бәрі әсер етті деп ойлаймын. Түсірілімнің өзі ауыр салмақ салады. Соның бәрі жиналып, тағы бір инфаркт алған. Оның инфаркт алғаны ресми айтылды. Қонақ үйде түнгі екіде жағдайы нашарлаған. Таңғы беске дейін дәрігерлер өмірі үшін күрескен. Өкінішке қарай аман алып қала алмады", – дейді досы.

Ал актер Грузияға "Больше, чем любовь" фильмінің түсіріліміне 3 күн бұрын барған. Фильмнің Ұлы отан соғысы жайлы, соғыстан кейінгі жылдар жайлы екені белгілі.

Әсеновтың айтуынша, достары қаралы хабарды таңғы 5-те естіген. Содан кейін актердің жары мен анасына барып, суыт хабарды жеткізген.

"Осыдан 4-5 күн бұрын бір мерейтойда бірге болдық. Грузияға кеткенін білмей қалыппын. Осында, Алматыда жүр деп ойладым. Қаралы хабар келгенде бір-ақ білдім. Таңертең жігіттермен бірге барып, әйеліне хабар бердік. Әйелінен кейін үлкен кісілерді ертіп шешесіне барып, осындай жағдай болды деп жеткіздік. Фархаттың анасы Алматыда тұрады, ол кісі шамамен 76 жаста", – дейді Арман Асенов.

Оның сөзінше, Әбдірайымовтың денесі ертең таңертең Алматыға жеткізіледі.

Кинематография үшін қаралы күн

Бастапқыда "Қазақфильм" киностудиясында Фархат Әбдірайымовпен әріптес болып, кейіннен жақсы досқа айналған актриса Жанна Қуанышева бұл хабарға әлі де сенгісі келмейді.

"Дәл қазір ештеңе дей алмаймын. Қалайша арамыздан кетіп қалды деп сене алмай отырмын. Бұл бәріміз үшін, кинематография мен оның достары, туыстары үшін ауыр қайғы. Фара екеуміздің дос болғанымызға шамамен 35 жылдай болды. Осы уақытқа дейін ол жайлы бір ауыз жаман пікір айтқан адамды көрген емеспін. Оны бәрі жақсы көретін, себебі ол өте мейірімді, өте ашық, өте талантты адам еді. Қазақстанда да бәрі жақсы көрді. Шетелге фестивальдарға шықса, сол жердің нөмірі бірінші жұлдызы болатын", – дейді Жанна Қуанышева.

Айтуынша, түсірілім алаңында түрлі жағдай болады. Біреу шаршайды, бірі қиналады. Сондай сәтте Фархат жиналғандардың көңілін көтеру үшін түрлі әзіл айтатын болған.

"Фараның жанында болсаң, қандай да бір қиын жағдайды оңай өткеретін едік. Оның осылай арамыздан кетіп қалуына жақында жүрегіне жасаған операция себеп болуы мүмкін. Оған әзірге түсірілімге бармай-ақ қою керек еді. Ол өзін аямады. Түсірілім кезінде дүниеден өтудің символдық мәні бар, ал екінші жағынан ол арамыздан ерте кетті ", – деді актриса.

Оның сөзінше, екеуі бірнеше рет түсірілім алаңында бірге жұмыс істеген. Фархат Әбдірайымов продюсер болған фильмдерде де актриса рөл ойнаған.

"Бұрын "Қазақфильм" киностудиясы бір отбасы секілді болды. Екеуміз сол жерде актерлік бөлімде бірге жұмыс істеп, жақын араластық. Тек жұмыс бойынша ғана емес, жақын дос болдық. Фархаттың осы салада досы өте көп. Сол достары үшін, оның ішінде мен үшін бұл күн қаралы күн", – деді Қуанышева.

Фархат Әбдірайымов дүниеден өтті

Қазақстандықтар үшін жұма қаралы хабармен басталды. 21 мамырда Грузияға түсірілімге кеткен актер әрі продюсер Фархат Әбдірайымов 55 жасында қайтыс болды. Актердің қазасына инфаркт себеп болған.

Ол 1966 жылы 21 қаңтарда Алматы қаласында туған ол Алматы технологиялық университетін бітірген. Кинодағы дебюті 1996 жылы "Кімнің жаны нәзік болса" Қазақстан мен Ресей бірлесіп түсірген фильмдегі рөлі болды. Осы рөлі үшін ол "1996 жылдың үздік актері" ретінде Ресейдің кино басылымының сыйлығын алды.

1999 жылы Әбдірайымов "Фара" фильмінде басты рөлді сомдап, Халықаралық Мәскеу кинофестивалінде үздік ер адам рөлі үшін жүлдеге ие болды. 2000 жылы "Алтын адам" байқауында әртіс "Жыл киножұлдызы" атанды.