Танысымен жалдамалы пәтерге барған жігіт банкке 1 миллион қарыз болып қалды

0
491

​Жергілікті полицейлер іздестіріліп жатқан күдіктінің бұған дейін бопсалау үшін сотталғанын анықтаған.


Танысымен жалдамалы пәтерге барған жігіт банкке 1 миллион қарыз болып қалды

ERNUR.KZ. Петропавл қаласының тұрғыны жаңадан танысқан досымен бірге жалдамалы пәтерде арақ ішкен. Ал таңертең ұялы телефоннан өз атына бір миллион теңгелік кредиттің рәсімделгенін көріп, бірден полицияға арыз түсірген, деп жазады sputniknews.kz.

Қалалық полиция бөлімшесінің бастығы Тілеген Әлжановтың айтуынша, арызданған ер адам демалыс күндері көңіл көтеретін орында болған. Сол жерде қаланың 26 жастағы тұрғынымен танысып, екеуі ішімдік ішеді.

Кейіннен ол жерден шығып, отырысты жалдамалы пәтерде жалғастырады.

"Зардап шеккен ер адам сол жерде ұйықтап қалған. Ал таңертең тұрғанда өз атына 999 158 теңгеге кредит рәсімделгенін көрген. Ақша құпия кодсыз телефондағы мобильді қосымша арқылы алынған", – дейді Әлжанов.

Полицейлер бірден тексеру шараларын өткізіп, кредитті пәтерде болған жас жігіттің рәсімдегенін анықтады. Ол кредитке төрт ұялы телефон алып, сол күні қайта сатып жіберді.

"Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 2-бөлігі бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Полицейлер сатылған мүлікті іздеп жатыр. Күдіктінің бұған дейін бопсалау үшін сотталғаны белгілі болды", – деп атап өтті Әлжанов.

Осы орайда тәртіп сақшылары кездейсоқ танысқан адамдарға сенбеуге үндейді. Әсіресе, ішімдік ішу кезінде барынша сақ болу қажет. Көптеген қылмыс осындай сәттерде жиі жасалады. Бұдан бөлек, ұялы телефондарға міндетті түрде пароль орнату керектігін ескертеді.