Өскеменде Ораза айында осымен үшінші жыл қатарынан «Имам такси» қызметі тегін қызмет етпек.
Өскеменде Ораза айында осымен үшінші жыл қатарынан «Имам такси» қызметі тегін қызмет етпек. Бұл туралы Өскемен өңірі бойынша өкіл имам, облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай арнайы брифингте айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Имамдар мен белсенді жамағат ауызашардан соң оқылатын тарауих намазын мешітке келіп оқыған адамдарды үйіне ақысыз жеткізетін болады. Түнге қарай қоғамдық көліктер тоқтап қалатындықтан, қаланың әр шетінде тұратын мұсылмандарға тарауық намазын мешітте оқу қиындық туғызады. Осы жайтты ескерген имамдар Рамазан айында жұртың алаңсыз құлшылық жасауына мүмкіндік жасап отыр.
«Бұл жоба Өскемен өңірінде осымен үшінші жыл қатарынан қолға алынып отыр. «Имам такси» жасақтауға мешіт қызметкерлері мен ниетті жамағат өкілдері тартылды. Жобаға атсалысқысы келген мұсылмандар біздің мешітке келсе болады. Біздің бұл бастамамызды Тарбағатай және Зайсан аудандары да жалғастырмақ. Ондағы мешіттерде де Ораза кезінде мешітте құлшылық жасаушылардың саны артады» - деді Ермек қажы Мұқатай.