Таразда оқушы өрт шыққан пәтерден екі баланы құтқару үшін отқа түсті (видео)

0
79

Мектептен қайтып келе жатқанда жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқаған.


Таразда оқушы өрт шыққан пәтерден екі баланы құтқару үшін отқа түсті (видео)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Тараздағы №54 мектептің 10-сынып оқушысы Қыдырәлі Қыздарбек екі баланы өрттен құтқарып қалды, деп жазады stan.kz.

Қыдырәлі мектептен қайтып келе жатқанда жоғары қабаттағы пәтерлердің бірінің терезесінен қою түтін шығып жатқанын байқаған.

“Өрт шыққан пәтерде балалар болған: бірі бесікте жатқан, екіншісі ойнап отырған. Ол балаларды сыртқа шығарып, анасына тапсырды. Сонан соң Қыдырәлі өрт сөндірушілер келгенше пәтерде басқа адамдар бар-жоғын тексеру үшін қайта кірді”, – дейді тұрғындар.

Өрт сөндірушілер келген соң ол сөмкесін алып, үйіне қайтып кеткен.

Жамбыл облысы ТЖД өкілдері 18 сәуір сағат 13:59-да Тараз қаласының "Ұлы Дала" шағын ауданында 4-қабатта орналасқан пәтерде өрт шыққанын хабарлады. Өрт ас бөлмесінен шыққан. Оқиға орнына 37 құтқарушы мен 13 техника жетіп, өртті 14:23-те толығымен сөндірген. Өрт 10 шаршы метр аумақты шарпыған.

"Өрт сөндірушілер үшиінді сатының көмегімен үшінші қабаттан әйелді алып шықты, өйткені кіреберісті қою түтін басқан. Құтқарушылар келгенге дейін тұрғындар өз бетінше сыртқа шыққан. Пәтер иесіне алғашқы медициналық-психологиялық көмек көрсетілді", – делінген хабарламада.

Өрт кезінде батылдық танытқан Қыдырәлі Қыздарбек пен Нұрасыл Өмірзаққа жеке компания өкілдері алғыс хат пен бағалы сыйлық табыс етті.

Өрт салдарынан зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен шығын көлемі есептеліп жатыр.