​Таразда өнеркәсіптік нысанға жасалған шартты шабуыл тойтарылды

0
1 181

Зауыттағы нысандарды басып алып, жарылыс жасау қаупі туралы ақпарат алғаннан кейін аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы кәсіпорынға кіре беріске тосқауыл бекетін және оның периметрі бойынша күзет бекеттерін қоюды ұйымдастырды.


​Таразда өнеркәсіптік нысанға жасалған шартты шабуыл тойтарылды

ERNUR.KZ. «Бекет-2024» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуы шеңберінде Жамбыл облысының аумақтық қорғаныс бригадасы өз мақсаты бойынша міндеттерді орындады.

Облыстың полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелерімен бірлесіп, аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері Жаңа Жамбыл фосфор зауытына жасалған шартты шабуылға тойтарыс берді.
Оқу-жаттығудың бұл кезеңін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, ҚР Қарулы күштері аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы генерал-майор Асқар Жоламанов, сондай-ақ республикалық және облыстық деңгейдегі басқа да әскери басшылар қадағалады.
Аумақтық қорғаныс бөлімшелерінің негізгі міндеті – мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету мен қорғау. Жамбыл облысында аумақтық қорғаныс бригадасының жауапкершілік аймағына осындай 100-ден астам нысан кіреді. Жаңа Жамбыл фосфор зауыты солардың бірі.
Зауыттағы нысандарды басып алып, жарылыс жасау қаупі туралы ақпарат алғаннан кейін аумақтық қорғаныс бригадасының басшылығы кәсіпорынға кіре беріске тосқауыл бекетін және оның периметрі бойынша күзет бекеттерін қоюды ұйымдастырды.
Оқу-жаттығу жоспарына сәйкес, кәсіпорын нысандарын миналап, жарып жіберу мақсатында бір топ содырлар зауыттың аумағына автомокөліктермен кіріп кетуге тырысты. Блок-бекетте оларға аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері тосқауыл қойды.
Пысықталған ведомствоаралық өзара іс-қимыл схемасы қысқа мерзімде облыстық полиция департаментінің «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі жауынгерлерінің оқиға орнына келуіне мүмкіндік берді. Кейінірек Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру тобы қақтығыс салдарын жою жұмыстарына қосылды.
«Бекет-2024» оқу-жаттығуының барысын бағалай отырып, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев осындай бірлескен іс-шараларды өткізу барлық мемлекеттік органдарға пайда әкелетінін атап өтті. Өйткені бірыңғай тапсырманы орындау барысында құрылымдар үйлесімді әрі келісімді әрекет етуді үйренеді.
Күштік құрылымдар арасындағы өзара әрекеттесудің нақты жүйесі арасындағы үздіксіз байланыс содырлар тобының шабуылына қарсы іс-қимылдардың сәтті өтуін қамтамасыз етті.