Тараздағы тергеу изоляторында 73 жастағы қария қайтыс болды

0
107

Ол апелляция нәтижесін күтіп жатқан.


Тараздағы тергеу изоляторында 73 жастағы қария қайтыс болды

фото: yandex.kz

ERNUR.KZ. 73 жастағы қария биыл мамыр айында пара бергені үшін сотталған, деп жазады inbusiness.kz.

"Тараздағы тергеу изоляторында қамауда болған ер адам аяқасты қайтыс болды. Оның өлімі бейнебақылау камерасына тіркелген. Марқұм жүрек ауруына байланысты медициналық мекемеде тіркеуде тұрған. Бұған дейін бірнеше рет ауруханаға жеткізіліп, ем-дом қабылдаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне жүрек ауруы себеп болған", – делінген Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті таратқан хабарламада.

Сотталған ер адам апелляциялық шағымның қаралуын күткен. Туыстарының айтуынша, сот отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылған. Cоңғы рет 30 шілдеде шегеріліп, 13 тамызға белгіленген.

Қарт адамның денсаулығына байланысты туыстары бұрыннан алаңдаушылық білдіріп келген. Оған күн сайын шұғыл медициналық көмек қажет болған. Дәрігерлер оған жүрек жетіспеушілігі, жүрек демікпесі мен қант диабеті диагнозын қойған.

Ол ІІ топтағы мүгедек болған әрі жүрегіне кардиостимулятор орнатылған. Сот-медициналық сараптамалардың қорытындысы бойынша, оның диагноздары жазасын өтеуден босатуға негіз бола алатын аурулар қатарына жатады.