Технологиялар саласындағы байқау 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатыр.
ERNUR.KZ. Таразда тұратын айрықша дарын иесі Исаак Мустопуло Оңтүстік Кореяда өткен Global IT Challenge 2019 халықаралық конкурсының финалында жеңімпаз атанды, деп жазады ҚазАқпарат.
Айрықша мұқтаждығы бар балаларға арналған ақпараттық технологиялар саласындағы бұл дәстүрлі байқау 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатыр. IT саласындағы талантты жастарды қолдауға бағытталған аталған халықаралық конкурсқа осы топтағы 13-22 жас аралығындағы жастар қатыса алады.
Биыл бұл байқау Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында 26-28 қараша күндері өткен болатын. LG компаниясының Pacific Ocean елдеріне арналған бірегей байқауына биыл 20 елден 300 үміткер қатысты. Жерлесіміз ақпараттық технология саласындағы ең үздік айти мамандар ішінен «eLifeMap» аталымында топ жарып, «Best Award» Бас жүлдесін жеңіп алды.
Еске сала кетейік, Исаак Мустопуло - «Үйлесім теориясы» жобасының авторы. Ол Тараз қаласында туған. Тумысынан сал ауруына шалдықса да, ғылым-білім жолында ешқандай кедергі болмау керегін Хокингтен кейін дәлелдеген тұлға ретінде тарихта қалуы бек мүмкін. Исаак Британ Кеңесі мен National Agency for Technological Development ұйымдастырған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналаған STEM ұлттық инновация конкурсында «Үйлесім теориясы» атты видеоролигі үшін арнайы жүлдеге ие болған. Өз видеосында ол ғарыш аппараттары үшін электр қуатын өндіру жолын сипаттап берген болатын.
15 жасында ғарыш кемелеріне арналған электроэнергияны өндіру жолдарын пайымдаған. Осыдан кейін әйгілі ұлыбританиялық астрофизик, профессор Стивен Хокингпен кездескен болатын.