ERNUR.KZ. Еліміздің Өзбекстандағы елшілігі осы елде жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлермен кездесу өткізді, деп жазады kaz.inform.kz.
Жиында екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға серпін беретін жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктері зерделенді.
Өзбекстан сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары Дилшод Расулов атап өткендей, былтыр көршілес ел Ақтауда тарату орталығын ашқан. Ол арқылы ресми Ташкент ауыл шаруашылғы өнімдерін, оның ішінде азық-түлік тауарларын Қазақстан нарығына шығармақ. Сондай-ақ аталған хабты өзге мемлекеттерге экспортталатын өзбекстандық өнімдерді уақытша сақтау үшін де қолдану жоспарланып отыр.
“ Бұған қоса, былтыр жазда біз Қазақстанда үкіметаралық комиссияның отырысын өткіздік. Оның аясында Астана қаласының әкімімен кездесу ұйымдастырылып, меморандумға қол қойдық. Ол құжатқа сай, өзбек тарапына елордадан жер бөлу және тиісінше осындай тәртіппен Қазақстан үшін Ташкент қаласынан жер беру жоспарланған. Ол учаскелерге сауда орталықтары салуы тиіс. Кейін сол арқылы өзбекстандық тауарларды Астанада, қазақстандық өнімдерді Ташкентте саудалау мүмкіндігі туады”, - деп жоспарларын баяндады Дилшод Расулов.