Теңгені ұстап тұру үшін 990,5 млн доллар жұмсалды

0
681

Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір АҚШ доллары үшін 512,17 теңге болған.


Теңгені ұстап тұру үшін 990,5 млн доллар жұмсалды

ERNUR.KZ. Ұлттық банк наурыз айында әлемнің қаржы нарықтары геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты тым құбылмалы болғанын жария етті, деп жазады Ulysmedia.kz.

Қаржы регуляторы сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырғанын хабарлайды. Айдың соңында олардың көлемі 990,5 млн АҚШ долларын немесе биржалық сауда-саттықтағы жалпы көлемнің 29%-ын құраған.

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурыз айында 890,9 млн АҚШ долларға шықты. Ұлттық банктің валюталық интервенциялары мен Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 55%-ын құрады. Ұлттық банк БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ», - делінген ҰБ хабарламасында.

Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір АҚШ доллары үшін 512,17 теңге болған. Алайда, осыдан кейін ұлттық валюта қозғалысының бағыты нығаю жағына қарай өзгерді. Осылайша, 31 наурызда KASE биржалық алаңындағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңге бағамы наурыз айының басынан бастап 5,7%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 467,03 теңге деңгейінде қалыптасты. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ салықтық төлемдер кезеңі аясында теңгенің нығаюы орын алды.

«Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. Бұл ретте Ұлттық банк экономикадағы құрылымдық өзгерістер, мемлекеттің жеңілдікпен кредиттеуінің азаюы, сондай-ақ айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстану қажетті талабы болып табылатын инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен жөн. Ұлттық банк теріс сценарийлер іске асырылған жағдайда ішкі қаржы нарығында тұрақсызданудың алдын алуға қажетті барлық құралдарға ие және жағдайды қадағалауды жалғастырады», - делінген хабарламада.