​ТМД-ға ортақ виза қажет: Ресей Тоқаевтың ұстанымын қолдайды

0
825

ТМД елдері үшін "шенген" сияқты ортақ виза енгізу мәселесі біраз уақытты алуы мүмкін. Қазақстан президенті айтқан ұсыныс мүдделі тараптардың мұқият зерттеуін қажет етеді, деп мәлімдеді Ресейдің сыртқы істер министрлігі.


​ТМД-ға ортақ виза қажет: Ресей Тоқаевтың ұстанымын қолдайды

ERNUR.KZ. ТМД-да ортақ виза енгізу мүше мемлекеттердегі туризм саласына оң әсерін тигізуі мүмкін, деп жазады sputniknews.kz.

Бұл туралы РИА Новости порталына берген сұхбатында РФ сыртқы істер министрлігі басшысының орынбасары Андрей Руденко айтқан.

"Әрине, ТМД кеңістігінде ортақ виза енгізу мүмкіндігі Достастық елдерінің басқа мемлекеттермен іскерлік және туристік байланыстарын дамытуға оң әсерін тигізер еді. Дегенмен ТМД-ға мүше әр ел өзінің виза және көші-қон саясатын жүзеге асыратынын ескермеуге де болмайды", - деді Ресей СІМ басшысының орынбасары.

Руденконың айтуынша, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің осы саладағы ұлттық заңнамалары бір-бірімен сәйкес келе бермейді.

"Біз Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл мәселенің әуелі барлық құзырлы ведомствоның қатысуымен сарапшылық деңгейде жан-жақты зерттелуі тиіс деген ұстанымына қосыламыз", - деді ол.

Руденконың пікірінше, ортақ визаны қажет ететін елдер мен олардың көші-қон заңнамасын бір-біріне ұқсас ету тұрғысынан тиісті шешімдер қабылдау дайындығын анықтау қажет.

"Бұған қоса, осындай бірыңғай визаны енгізу үшін атқарылатын жұмыстың көлемін бағалау маңызды. Бұл үлкен және тез жүзеге аса қоймайтын іс. Сондықтан қазір бұндай механизмді іске қосудың қандай да бір нақты мерзімдері туралы айту әлі ерте", - деп атап өтті Руденко.

ТМД-ға ортақ виза. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінде "шенген" сияқты ортақ виза енгізу мәселесін қарастыруды ұсынған еді. Бұл туралы мемлекет басшысы Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысында айтты.

Қазақстан президенті бұндай виза Достастық елдеріндегі туризмді дамытуға ықпал етер еді дейді.

2018 жылғы маусымда Дариға Назарбаева Орталық Азия елдері үшін "азиялық шенген" құру идеясын айтқан болатын. Жоба 2019 жылдың басында жүзеге асады деп болжанған еді.

Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, "азиялық шенген" құру және енгізу мәселесі ұзағырақ уақытты қажет етеді.