«Той дегенің итшілеп, тыраштанып тапқаныңды бір мезетте шашу ғана» - журналист

0
450

Той өтеді. Сосын көлшігі тартылып балшықта қалған бақадай бақылдап қаласың.


«Той дегенің итшілеп, тыраштанып тапқаныңды бір мезетте шашу ғана» - журналист

ERNUR.KZ. Елімізде 27 қыркүйектен бастап елде салтанатты және отбасылық шараларға рұқсат етілетін болды. Яғни Ashyq қосымшасындағы статусында «қауіпсіз» деген белгісі бар қонақтар емін-еркін тойға бара алады деген сөз. Алайда кейбір қоғам белсенділері бұл жаңалықты онша құптамай жатыр. Айтуларынша, пандемия қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Екіншіден, халық та кит еткенді сылтау етіп той жасаудың өте үлкен шығын екенін түсіне бастаған, деп жазады Skifnews.kz.

Мұндай пікірдегілердің бірі белгілі журналист Қанат Тілеухан. Оның айтуынша, той дегенің итшілеп, тыраштанып тапқаныңды бір мезетте шашу ғана.

«Той - қазақтың қазынасы деген бір бишара сөз бар. Қайдағы қазына? Итшілеп, тыраштанып тапқаныңды бір мезетте шашу ғой. Той өтеді. Сосын көлшігі тартылып балшықта қалған бақадай бақылдап қаласың. Анау жетпейді, мынау жетпейді. Несие кеп екі бүйірден қысады кеп. Тегі өз басым тойға барып демалып қайтқан адамды көрмедім. Барасың, шаршап-шалдығып қайтасың. Баяғыда ауылда екі-ақ той болатын. Үйлену той және «провод». Соңғысы қызық. Кіре алмай сыртта жүресің. Сонысымен де қызық. Қазір тойдың түр-түрі шықты. Кейбір таныстар сондай тойға шақырды. «Темасын» түсінбей жынды болдық. Пандемия басталғанда осы тойдың тоқтағаны ғана қуантты. Алматы мен Талғар жолының бойындағы самсаған тойханалардың есігі жабылды. Бойды «злорадство» кернеді. Міне бүгін той жасауға ресми түрде рұқсат берді. Дарақылықтың бәйгесі қайта қыза түседі. Айтпақшы, Түркиядан үй алған әншілер енді ауылға қайтатын шығар», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Кейбір дерек көздерінің жазуынша, қазақстандықтардың несие қарызы 4,4 триллион теңгеге жеткен. Сарапшылар мұны халықтың негізінен той-томалақ жасау үшін несие алып, ысырапшылыққа салынуымен байланыстырады. Олар бұл мәселені шешу үшін елімізде той жасаудың жаңа форматын заңды негізде енгізу қажеттігін айтады. Осыған байланысты кейбір қоғам белсенділері тарапынан тойға мораторий жариялап, шектеулер енгізу туралы ұсыныстар айтып жүргеніне біраз болды.

Мәселен, қоғам белсендісі Оралбек Итеғұлов Өзбекстан мемлекетінен үлгі алып, тойдағы ысырапшылыққа тыйым салған жөн дегенді айтады. Яғни, тойға шақырылатын адам санын 50-ге дейін шектеп, тойханаларда тек үйлену мен ұзату тойын ғана өткізуге рұқсат беру керек. Ал сүндет той, бесік той және өзге де тойларды ет жақындарымен үйде де өткізуге болады.