Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алды

0
138

Бүгін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысады.


Тоқаев Ақордада Иордания Королін қарсы алды

фото: Ақорда

Президент Ақордада Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді Ақордада қарсы алды.

Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлем баянатын берді.

Кейін Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік гимнін орындады.

Әнұранды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын иіп, өзінің құрметін білдірді.

Иордания Королі құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.

Сондай-ақ бүгін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысады.