Тоқаев жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтардың арқасында дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындайтынымызға сенім білдірді.
© Пресс-служба президента Казахстана
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп жазады sputnik.kz.
Президент бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар екенін атап өтті. Себебі, еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар.
"Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз. Мен еліміздің құндылықтары мен мақсаттарына зор сеніммен қарап, қастерлі Отанымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген, әрдайым кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары көрсеткішке қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарымызға шынайы ризашылығымды білдіремін", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз.
"Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін. Қазақстанның барлық азаматтарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!", - деп жазылған президенттің құттықтауында.
Қазақстанда Еңбек күні қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Мереке 2013 жылы қарашада президент жарлығымен бекітілген еді.