Тоқаев Өзбекстан мен Словакия басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

0
131

Ол Өзбекстанның Тәуелсіздік күнімен және Словакияның Конституция күнімен құттықтады.


Тоқаев Өзбекстан мен Словакия басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады

Фото: t.me/aqorda_resmi

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан мен Словакия басшыларына құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Ақорда баспасөз қызметі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёев пен бауырлас халықты Өзбекстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Шавкат Мирзиёевтің қуатты әрі беделді басшылығымен Өзбекстан әлеуметтік-экономикалық дамуда, азаматтардың әл-ауқатын арттыруда және халықаралық аренада ұлттық мүддесін ілгерілетуде таңғаларлық табысқа жеткенін атап өтті.

«Қазақстан Өзбекстанның стратегиялық серіктесі және сенімді одақтасы ретінде Сіздің еліңізбен сан қырлы мемлекетаралық байланысты одан әрі тереңдетуге баса мән береді. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы ғасырлар бойы жалғасқан достық, тату көршілік және өзара қолдау рухында дами беретініне сенімдімін. Бұл бауырлас халықтарымыздың игілігіне қызмет етіп, сондай-ақ Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септігін тигізеді», — деп жазылған жеделхатта.

Сонымен қатар мемлекет басшысы Словакия президентін Конституция күнімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның Конституция күніне орай Петер Пеллегриниге құттықтау жеделхатын жолдады.

«Президент жеделхатта Словакияның демократиялық институттарды нығайту және әлеуметтік-экономикалық өрлеу ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. Сонымен қатар екі ел арасындағы достық пен өзара құрметке негізделген қатынастардың деңгейі жоғары екенін атап өтіп, оның одан әрі қарқынды дами беретініне сенім білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Петер Пеллегринидің жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Словакия халқына бақ-береке тіледі», — делінген Ақорда таратқан ақпаратта.