Трамптың саясаты салдарынан Raim мен Еркенің АҚШ-тағы концерті өтпейтін болды

0
129

Жұлдызды жұптың концерттері АҚШ-тың бірнеше қаласында өтуі керек болған.


Трамптың саясаты салдарынан Raim мен Еркенің АҚШ-тағы концерті өтпейтін болды

фото: instagram.com/erke_esmahan

ERNUR.KZ. Әнші Raim мен Ерке Есмаханның Американың бірнеше қаласындағы концерті өтпейтін болды. Оған өнер иелерінің АҚШ-та жұмыс істеуге рұқсат берілетін виза уақытының сәйкес келмеуі себеп болған, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы Еркенің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Жұлдызды жұптың концерттері АҚШ-тың бірнеше қаласында өтуі керек болған. Оның ішінде: 13 ақпанда Чикагода, 15 ақпанда Лос-наджелесте, 17 ақпанда Хюстонда және 18 ақпанда Нью-Йоркте жеке ән кештері жоспарланған болатын.

Алайда Raim-ға жұмыс визасының уақыты бойынша 12 ақпанға дейін, ал Еркенің өзіне АҚШ-та екі күн ғана болуына рұқсат берілген.

Білікті мамандармен ақылдасып, шешімге келдік. Егер біз жұмыс визасының уақытына қарамай ұшып барып, концерт қойсақ, бұл – заңсыз. Әрине визадағы күнмен барып, кіріп кетуге болады. АҚШ-та біраз күн жүруге де болады. Бірақ ол жағдайда жұмыс істеуге болмайды. Әсіресе қазіргі жаңа президенттің қатты бақылауына алынып тұрған тақырып бұл. Ұйымдастырушылар тәуекелге бел байлап, келуімізді сұрады. Әр елдің заңын сыйлағандықтан, біз келіспедік. Сонымен концерт өтпейтін болды, – дейді Ерке Есмахан.

Әнші концертке билет алып қойғандардан кешірім сұрап, кінәлары жоқ екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ-та заңды жолмен қалудың 8 амалын түсіндірген болатынбыз. Солардың бірі – жұмыс визасы. АҚШ-тың көші-қон заңнамасы осындай визалардың бірнеше түрін ұсынады. Ең көп тарағандары – Н-1В және Н-2В. біріншісі - жоғары білікті кадрлар үшін маусымнан тыс жұмыс. Екіншісі – маусымдық жұмыспен қамту. Жылына Н-1В санатындағы 85 мың виза және Н-2В санатындағы 66 мың виза беруге рұқсат етіледі.