Аталған қаулы жобасы 30 қыркүйекке дейін қоғам талқысында болды.
ERNUR.KZ. 20 қарашада өтетін президент сайлауында тұрғылықты тіркеуі жоқ қазақстандықтардың дауыс беруге мүмкіндігі бар, деп жазады inbusiness.kz.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов "Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Үкіметтің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысына толықтыру енгізді. Оған сәйкес, тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтар сайлау күні дауыс беру учаскесіне келіп, сол ғимаратқа бір күнге тіркеуге тұра алады. Солайша, президент сайлауында дауыс беру құқығына ие болады.
"Сайлау құқығын іске асыру және азаматты "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес сайлаушылар тізіміне енгізу мақсатында тұрғын үй, ғимарат немесе үй-жай иесінің өтініші негізінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған адамдарды сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайындағы ғимаратта немесе үй-жайда тіркеуге жол беріледі", - деп толықтырылған Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларының 17-тармағы.
Аталған қаулы жобасы 30 қыркүйекке дейін қоғам талқысында болды. 22 қазанда оған қол қойылды және бүгінде қолданысқа енгізілді.