Ұсталғандар 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ERNUR.KZ. Бір аптаның ішінде Қазақстанның екі өңірінде Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жедел қызметкерлері үш арнайы операция жүргізіп, нәтижесінде синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікке ілінгендерден 5,7 килограмм "мефедрон" және "α-PVP" синтетикалық есірткі тәркілеген, деп жазады Sputnik.kz.
23 ақпанда Ақтөбеде жүргізілген алғашқы операция кезінде екі азаматты тінту барысында 1,7 килограмм "мефедрон" және "α-PVP" тәркіленді.
"Осы жылдың 25 ақпанында есірткі таратумен айналысатын топтың тағы екі қатысушысы ұсталып, тінту кезінде 2,8 килограмнан астам синтетикалық есірткі тәркіленді", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
2 наурызда Шығыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесу бойына кезекті операция өтті.
"Алматы қаласынан Өскемен қаласына есірткі тасымалдау бойынша күдікке ілінген азамат ұсталды. Тергеу әрекеті кезінде заңсыз айналымнан 1,2 килограмнан астам психотропты зат тәркіленді", - деп нақтылады Қазақстан ҰҚК-де.
Алдын ала мәлімет бойынша тәркіленген есірктілердің заңсыз нарықтағы құны 114 миллион теңгеге бағаланып отыр.
Осы фактілер бойынша ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлімі – "Есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың баламаларын сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, оларды салып жіберу немесе сату" бойынша тергеу басталды.
Ұсталғандар 15-20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ақтөбе мен Өскемен қалаларының тергеу соты аталған азаматтарды қамауға алу бойынша шешім шығарды.