Олардың өзге қылмыстарға қатысы анықталады.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті арнайы операция аясында еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі криминогендік жағдайға теріс әсер етіп келген ұйымдасқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"30 маусымда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірге Тараз және Шымкент қалаларында бір мезгілде "А" және "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жұмылдырылуымен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі криминогендік жағдайға теріс әсер етіп келген, қоғам үшін қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны жүзеге асырды. Бұл мақсатта алдын ала жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралардың толық кешені мұқият жүргізілді. Нәтижесінде, қылмыстық топ мүшелерінің тауарлы-материалдық құндылықтарды аса ірі мөлшерде ұрлауға және кәсіпкерлерден ақша қаражатын бопсалауға қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды. Арнайы операцияның нәтижесінде қылмыстық топтың 14 көшбасшысы мен белсенді қатысушылары ұсталды", – делінген Комитет ақпаратында.
Процессуалдық іс-шаралар барысында қару-жарақ арсеналы, қомақты ақша, сондай-ақ тергеу мүддесінде қызығушылық тудыратын құжаттар тәркіленді.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бары тексеріледі.