Ұлттық банк азық-түліктің неге қымбаттап жатқанын түсіндірді

0
154

Азық-түлік инфляциясына рубль бағамының әсері де бар.


Ұлттық банк азық-түліктің неге қымбаттап жатқанын түсіндірді

ERNUR.KZ. Бүгінгі таңда Қазақстандағы инфляцияға ең көп үлес қосып отырған – қызмет көрсету саласы. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп жазады baq.kz.

Сүлейменовтің айтуынша, Қазақстандағы орташа инфляция 11,3%. Ал қызмет түрлері 16%-ға қымбаттаған.

Қызмет көрсету – тауардан мүлде бөлек көрсеткіш. Қызметтер – сол жерде бірден тұтынылады. Мысалы, тауарды арзан импортпен ауыстыруға болады, ал қызмет – жергілікті, яғни ішкі нарыққа тәуелді. Сол себепті қызмет бағасы ішкі сұраныстың артып жатқанын ең айқын көрсетеді. Егер экономикада артық ақша болса, шоктар мен ұсыныс тапшылығы болмаған жағдайда, ең алдымен қымбаттайтын сала – қызмет көрсету, – дейді Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ, ол азық-түлік бағасының қымбаттауына да тоқталды. Оның ішінде картоп, қант және еттің бағасы ерекше қарқынмен өсіп жатқанын айтады.

Азық-түлік инфляциясына рубль бағамының әсері де бар. Қазір Қазақстан азық-түлік импортының шамамен 45%-ын Ресейден алады. Геосаяси факторлар аясында рубльдің нығаюы ресейлік тауарларды Қазақстан үшін қымбаттатып жіберді.

Тимур Сүлейменов инфляцияны тежеуге бағытталған амалдарды атады.

Экономика жоғары қарқынмен дамыған кезде бюджет тарапынан ақша ағынын азайтып, ал баяулаған кезде – керісінше, үкімет тарапынан қолдау көрсету керек. Бұл тәсіл қазір бюджет, салық кодекстерінде және өзге құжаттарда нақты көрініс тапқан. 2026 жылғы бюджет жобасында бұл механизм толық іске асады деп үміттенеміз. Бұл – жүйелі шара. Бірақ оның әсері бірден байқалмайды, – деді Сүлейменов.

Ол тұтынушылық несиелеуге шектеу қою керегін айтады.

Соңғы бес жылда тұтынушылық несиелеу жылына 30%-ға өсіп отыр. Бұл – халық табысы мен ЖІӨ өсімінен әлдеқайда жоғары. Бұл жерде кем дегенде "қызуқанды" өсім белгілері бар, біз соны дер кезінде байқап, бақылауға алғымыз келеді, – деді Ұлттық банк басшысы.