Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді

0
423

Биыл қазан айында базалық мөлшерлеме 16 пайыз болған.


Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтерді

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 16,75 пайызға дейін көтерді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

"ҚР Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 пайызбен 16,75 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделді. Оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды. Ішкі экономика тарапынан инфляциялық күтудің барынша тарихи жоғары деңгейде болуы, сұраныс пен ұсыныстың теңгерімді болмауы, сондай-ақ импорттың жедел өсуі кезінде сауданың қайта құрылуы байқалады", - делінген хабарламада.

Бас банктің мәліметінше, инфляция жоғары деңгейде қалыптасып отыр. Қараша айында оның жылдық мәні 19,6% болып, барлық компонент бойынша өскен.

«Қараша айында айлық инфляция біршама баяулады, бірақ әлі де көп жылдық орташа деңгейден айтарлықтай асып, жоғары мәнде қалып отыр. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты.
Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып сақталады. Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы болады»,- деп түсіндірді ҚР Ұлттық банкі.

Көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралды, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық банкі. Базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21% деңгейінде қалыптасады.

Айта кетейік, ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2023 жылғы 13 қаңтарында Астана қаласының уақыты бойынша сағат 14:00-де жарияланады.