Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

0
850

Соңғы рет Ұлттық банк базалық ставканы 2020 жылы шілде айында төмендеткен.


 Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

ERNUR.KZ. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-тен 16,5%-ке дейін төмендетті, деп жазады sputnik.kz.

"Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5%-ке дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Шешім Ұлттық банктің жаңартылған болжамдары, деректерді талдау және инфляция тәуекелдерінің теңгерімін бағалау негізінде қабылданды", - делінген хабарламада.
Ұлттық банктің ақпаратынша, сыртқы ортада инфляциялық қысым біртіндеп әлсіреп келеді. Көптеген елде орталық банктердің баға тұрақтылығын қамтамасыз ету саясаты нәтиже беріп, инфляция баяулай бастады. Алайда инфляцияның орнықты болып қалу себебінен мөлшерлемені төмендету мерзімі дамыған елдерде кейінге қалды. Әлемнің азық-түлік нарықтарында баға мен логистикалық шығындар төмендеп келеді.
Қазақстанда жылдық инфляция 2023 жылғы шілдеде 14%-ті құраған.
"Сыртқы факторлар тарапынан қысымның біршама әлсіреуі есебінен тәуекелдердің жиынтық балансы әлсіз дезинфляциялық аймақта қалып отыр. Нақты инфляция мен оның орнықты бөлігі одан әрі бәсеңдеген сайын базалық мөлшерлемені біртіндеп және байыпты төмендету саясаты жалғасады", - деп атап өтті Ұлттық банктегілер.
Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім биыл 6 қазанда жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы рет Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 2020 жылы 20 шілдеде төмендетті. 2022 жылғы желтоқсаннан бері базалық ставка 16,75% болды.
Айта кетері, базалық ставка коммерциялық банктердің кредиттері мен депозиттеріне әсер етеді. Әдетте базалық мөлшерлеме көтерілсе, банктердің кредиттері қымбаттай түседі, есесіне депозитке ақша салу тиімдірек болады.
Ал егер базалық ставка төмендесе, кредит те арзандайды. Яғни халық пен бизнеске арзан несие қолжетімді болады.