2025 жылдың үшінші тоқсанында автокредитке қызығушылық артты.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
ERNUR.KZ. Ұлттық банк ипотека, тұтынушылық кредит және автокредит нарығындағы жағдай туралы ақпарат таратты, деп жазады sputnik.kz.
Банктер 2025 жылдың үшінші тоқсанында ипотекаға сұраныстың төмендегенін және автокредитке сұраныстың артқанын атап өтті, ал кепілдендірілген және кепілсіз тұтынушылық несиелерге сұраныс алдыңғы тоқсанмен бірдей деңгейде қалды.
"Есептік тоқсанда ипотекалық несиеге сұраныс төмендеуіне ипотекалық несиелеу бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтіні[1] әсер етті. Осыған орай бірқатар банктер нарықтық ипотекалық кредиттеу талаптарын қайта қарады", - деп жазылған Ұлттық банктің түсіндірмесінде.
Ипотекалық несиелеуге түскен кредиттік өтінімдер саны 19%-ға (т/т) өсіп, 288 мыңға жетті, ал олардың орташа көлемі 21%-ға артып, 21 млн теңгені құрады.
Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс 2025 жылғы II тоқсан деңгейінде сақталды. Өтінімдер санының артуы осы сегментте орта банктің пилоттық цифрлық сервисін іске қосуымен және өтінім беру белсенділігінің кеңеюімен байланысты. Осы өнімге түскен өтінімдер саны 94%-ға (т/т) өсіп, 94 мың болды, ал өтінімдердің орташа көлемі 21%-ға (к/к) төмендеп, 12 млн теңгені құрады.
Кепілсіз тұтынушылық несиелеу сегментіндегі сұраныс 2025 жылғы II тоқсанның деңгейінде қалды. Банктер реттеуші талаптары қатайғанын атап өтті. Осылайша, аталған сегменттегі сұранысқа әсер еткен негізгі факторлар 5 жылға дейінгі мерзімнің қысқаруы, жасы 21-ге дейін және 55 жастан жоғары тұлғалар үшін займ шартын жасасу кезінде қойылатын қосымша талап, несие тарихы жоқ қарыз алушының займ алу барысында банк бөлімшесіне келу қажеттілігі болды[2]. Сөйтіп, өтінімдер саны 6%-ға (т/т) төмендеп, 17,2 млн, ал орташа өтінім көлемі 7%-ға (т/т) өсіп, 1 млн 50 мың теңге болды.
Автонесиеге сұраныс 2025 жылғы бірінші жартыжылдықта бірқатар банк іске қосқан автосалондар субсидиялайтын бағдарламалардың кейінгі әсеріне байланысты өсуді жалғастыруда. Автокредиттерге түскен өтінімдер саны өткен тоқсан деңгейінде (1,52 млн) қалды, ал олардың орташа көлемі 5%-ға (т/т) төмендеп, 6,9 млн теңгені құрады.
2025 жылғы IV тоқсанда банктер ипотекалық несиеге, кепілсіз тұтынушылық несиеге және автокредитке сұраныс аздап төмендейді деп болжап отыр. Кепілмен берілетін тұтынушылық несиеге сұраныс деңгейі өзгеріссіз сақталады деген болжам бар.


