Ұлттық банкі алтын қорын сататын болды

0
76

Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.


Ұлттық банкі алтын қорын сататын болды

Фото: dknews.kz/ЖИ

ERNUR.KZ. Қазақстан Ұлттық банкі халықаралық резервтердегі алтынның үлесін азайтуды жоспарлап отыр. Әлемдегі ең ірі алтын сатып алушылардың бірі болған қаржы реттеушісі енді бағалы металдың бір бөлігін сату туралы шешім қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.

Bloomberg мәліметінше, ҚР Ұлттық банк 2026 жылдың соңына дейін халықаралық резервтердегі алтынның үлесін қазіргі 78 пайыздан 75 пайызға дейін төмендетуді көздеп отыр.

Қазір Қазақстанның алтын қоры 386 тоннаны құрап отыр. Ал қыркүйек айының қорытындысы бойынша елдің халықаралық резервтерінің жалпы көлемі 66,4 миллиард долларға жеткен.

Жоспарға сәйкес, алтын үлесін қысқартудың жартысы опциондар сату арқылы, қалған бөлігі нақты алтынды өткізу есебінен жүзеге асырылмақ.

Мұндай шешімге халықаралық резервтердегі алтын үлесінің шамадан тыс жоғары болуы себеп болған. Қаржы реттеушісі резервтерді әртараптандырып, қаражатты түрлі активтер арасында бөлуді көздейді. Осылайша қосымша табыс табу үшін жиі қолданылатын әдісті қолданбақ.

Бұған АҚШ-тың қазынашылық облигациялары кірістілігінің артуы да әсер еткен. Аталған көрсеткіштің соңғы 24 жылдағы ең жоғары деңгейге жетуі доллармен есептелетін активтердің тартымдылығын күшейткен.

Дегенмен Ұлттық банктің жоспары әлемдік нарықтағы алтын бағасына да байланысты. Егер бағалы металдың бір унциясы 4 мың доллардан төмендесе, оның халықаралық резервтердегі үлесі қосымша сатылымсыз-ақ жоспарланған 75 пайыздық деңгейге жақындауы мүмкін.

Айта кетейік, шілде айында еліміз алтын сатып алу жөнінен әлем бойынша көшбасшы елдердің бірі атанды. Екінші тоқсанда елдің алтын қоры 15 тоннаға ұлғайды.