ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қызылордада тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді

0
554

Өңірде жоба аясында бой көтерген нысандардың да қатары аз емес.


ҰЛТТЫҚ ЖОБА: Қызылордада тұрғын үй мәселесі оң шешімін тауып келеді

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Өткен жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасының Үкіметімен азаматтардың жайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Аталған ұлттық жоба «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының негізінде жүзеге асырылады. Соның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасының іс-шараларын қамтиды.

Жалпыға ортақ тілде айтар болсақ, бұл жоба халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Яғни ұлттық жобаның басым бағыттарының қатарында базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту бар. Сондай-ақ, бұл жоба көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға негізделген бастама.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының басталғанына екі жылдан астам уақыт болды. Жоба аясында әр өңірге нақты тапсырма берілді қажетті қаражат бөлінді. Ендеше, ұлттық жоба бойынша Қызылорда обылысында осы уақытқа дейін атқарылған және алдағы жоспарларына тоқталмақпыз.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ұлттық жоба екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жобаның алғашқы бағыты базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуге бағытталған. Аталған бірінші бағыт бойынша инфрақұрылымды кешенді дамыту мен «Жайлы тұрғын үй» мәселесін шешу көзделген.


«Жайлы тұрғын үй»

Ұлттық жобаның негізгі бағыттарының бірі – халықты баспанамен қамту. Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігі мен ҚР Премьер-Министрі арасындағы бекітілген меморандумға сәйкес, қаржыландырудың барлық көздері есебінен 2021 жылы 644,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланған. Ал, жыл қорытындысымен 661,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нәтижесінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 108,6% құрады.
2021 жылы облыс бойынша тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2528 пәтерді құрайтын 112 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Осылайша жыл соңында жалпы ауданы 1576 пәтерді құрайтын 90 тұрғын үй қолданысқа берілген. Сонымен қоса, ұлттық жобаның талаптарына сәйкес, аз қамтылған көпбалалаы отбасыларға 321 пәтер сатып алынды.
Ұлттық жоба аясында жалға берілетін тұрғын үй мен оның шығындарын субсидиялау мәселесі де назарға алынған. Осы тұста Қызылорда облысында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 60-қа жуық тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. Яғни 76,8 мың шаршы мерт құрайтын мыңнан астам пәтердің құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Оның ішінде:
- Қызылорда қаласында – 17 үй (840 пәтер, 55,0 мың шаршы метр);
- Шиелі ауданында – 4 үй (72 пәтер - 4,2 мың шаршы метр);
- Сырдария ауданында – 33 үй (1 пәтерлі үйлер, 2,2 мың шаршы метр);
- Байқоңыр қаласында - 5 үй (250 пәтер – 15,3 мың шаршы метр).
«Қызылорда қаласында 590 пәтерлі 12 тұрғын үй, Сырдария ауданында 1 пәтерлі 33 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласының сол жағалауында жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарға 50 пәтерлі 1 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, Шиелі ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй және Байқоңыр қаласында 50 пәтерлі 5 тұрғын үйлердің құрылысы 2022-2023 жылға өтпелі», - делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.
Ұлттық жобаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты негізінде жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалға алғаны үшін шығыстарды субсидиялау, әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысы, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу сынды бірқатар мәселелерді шешу көзделген.
Осы ретте, Қызылорда облысында кредиттік тұрғын үй құрылысы бойынша 62,9 мың шаршы метр құрайтын 44 үйдің (965 пәтер) құрылысы жүргізілді. Нақтырақ айтатын болсақ, Қызылорда қаласында 940 пәтерлі 19 үй, Шиелі ауданының Шиелі кентінде 1,7 мың.шаршы метр құрайтын 25 үйдің құрылысы жүргізілген.
Осылайша жыл қорытындысымен Шиелі кентінде 25 тұрғын үй және Қызылорда қаласында 560 пәтерді құрайтын 11 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал, Қызылорда қаласындағы 40 пәтерлі 2 тұрғын үй және 50 пәтерлі 6 тұрғын үй 2022 жылға өтпелі.
Ұлттық жобаның басым бағыттарына сәйкес, облыста аз қамтылған көп балалы отбасылар үшін барлығы 321 жалға берілетін пәтер сатып алынған. Оның ішінде Қызылорда қаласы- 153 пәтер, Арал ауданы - 36 пәтер Қазалы ауданы - 36 пәтер, Қармақшы ауданы - 10 пәтер, Жалағаш ауданы - 30 пәтер, Сырдария ауданы - 36 пәтер, Шиелі ауданы - 20 пәтер.
Қызылорда облысы әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы жоспар бойынша өңірде 682,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биыл облыс бойынша Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы ауданы 124,9 мың шаршы метр 1764 пәтерді құрайтын 41 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қоса, жалпы ауданы 79,7 мың шаршы метр 1044 пәтерді құрайтын 26 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы бойынша 372 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 122 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 50 пәтерлі 1 үй, Шиелі ауданында 72 пәтерлі 4 үй пайдалануға беріледі. Ал, Байқоңыр қаласындағы 250 пәтерлі 5 үйдің құрылысы 2023 жылға өтпелі.
Ұлттық жобаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде кредиттік тұрғын үй құрылысына да басымдық берілген. Осы санат бойынша Қызылорда қаласында 1050 пәтерден тұратын 22 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде 38,6 мың шаршы метр құрайтын 12 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жауапты мамандардың дерегінше, биыл Қызылорда қаласы СПМК-70 ауданында 580 пәтерлі 12 тұрғын үй беріледі. Ал, Cырдария өзенінің сол жағалауындағы 10 тұрғын үйдің құрылысы келер жылға өтпелі.
Жоғарыда айтылған статистикаларға сүйенсек, Қызылорда облысында тұрғын үй саласы қарқынды дамып келеді. Өңірде ұлттық жобаның барлық бағыты бойынша тындырымды тірлік барын байқауға болады.
Облыста жеке құрылыс салушылар есебінен де атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтқанда, жеке құрылыс салушылар есебінен Қызылорда қаласында 318 пәтерлі 8 үйдің құрылысы толығымен аяқталып, тұрғындар игілігіне тапсырылған. Сонымен қоса, алдағы уақытта 342 пәтерден тұратын 9 тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтар – қыркүйек айларының қорытындысымен қаржыландырудың барлық көздері есебінен 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғандағы көрсеткіш 103,5% құрап отыр. Оның ішінде бюджет қаржысы есебінен СПМК-70 тұрғын ауданында 40 пәтерлі 2 кредиттік тұрғын үй және жеке құрылыс салушылар есебінен Қызылорда қаласында 2 тұрғын үй пайдалануға берілген.
Ұлттық жобаның аты айтып тұрғандай, қуатты өңірлер – ел дамуының негізгі алғышарты. Қуатты өңір болу үшін ең алдымен, халықтың жағдайы жасалуы тиіс. Соның ішінде тұрғындарды баспанамен қамту мәселесіне баса назар аудару керек. Бүгінде халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету еліміздегі ең өзекті мәселелердің қатарында көш бастап тұр. Қашанда күн тәртібінен түспейтін бұл тақырыптың ұлттық жобаға енуі де бекерден-бекер емес.
Қорытындылай келе, Қызылорда облысында ұлттық жобаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша тындырымды тірлік барын байқауға болады. Өңірде жоба аясында бой көтерген нысандардың да қатары аз емес. Алдағы уақытта да дәл осы қарқынмен жұмыс атқарылып, күрішті өлкенің тұрғындарының әл-ауқаты одан әрі артады деп үміттенеміз.
Қазіргі таңда ұлттық жоба бойынша еліміздің әр өңірінде тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы сәтті жүзеге асса, елімізде қуатты өңірлердің саны артатын болады.

ERNUR.KZ