Үзілген әнұранды орындаған спортшыларды жанкүйерлері күтіп алды

0
1 491

Оларды күтіп алу үшін белсенді жанкүйерлер әуежайға жиналды.


Үзілген әнұранды орындаған спортшыларды жанкүйерлері күтіп алды

ERNUR.KZ. Үндістанның Бенгалуру қаласында су спорты бойынша Азия чемпионатына қатысқан қазақстандық спортшылар елге келді, деп жазады ҚазАқпарат.

Олардың арасында техникалық ақаудан үзіліп қалған әнұранды орындап шыққан қыздар да бар . Оларды күтіп алу үшін белсенді жанкүйерлер әуежайға жиналды.

«Спортшы қыздардың үзілген әнұранды жалғап, бірге шырқауы әлеуметтік желіде тарап, көпшіліктің ризашылығын тудырған еді. Бұл жастардың мемлекеттік рәміздерді біліп қана қоймай, шет елде мерейін тасытып, үлгі көрсетті. Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында спортшыларды күтіп алуға арнайы келдік. Қыздар елден жырақта ел намысын қорғағаны үшін «Жас отан» тарапынан алғыс хатпен және сый-сыяпатпен марапатталады», - деді «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы Дәулет Кәрібек әуежайда.

Сонымен бірге, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Серік Сәпиев спортшы қыздарға алғыс айтты. «Мәдениет және спорт министрлігі атынан сіздерге үлкен алғыс айтамын. Жарайсыздар! Спортта мұндай жағдайлар болып тұрады, сіздер әнұранды соңына дейін айтып, дұрыс қадам жасадыңыздар. Меніңше, мұндай жағдайға үн қатып, сол жердегі ұйымдастырушыларға айту қажет. Осы қалыптан танбай, еңбектене беріңіздер. Режимді бұзбауларыңызды тілеймін. Демалуға болады, бірақ сирек демалыс болсын», - деп кеңес берді С. Сәпиев.

Өз кезегінде су добының спортшылары әнұранды жатқа айтудың өз міндеттері екенін жеткізді.

«Әрбір спортшы, тіпті әрбір қазақстандық әнұранды жатқа білуі тиіс. Біз де жарыстарда әнұранды бірге қосылып шырқаймыз. Сол күні де әндетіп тұрғанбыз. Сондықтан, оның орта жолда үзіліп қалуы біздің еңсемізді басқан жоқ. Керісінше, бәріміз бірге соңына дейін айтып шықтық. Кейінірек, әлеуметтік желіде достарымыз, туыстарымыз жаза бастады. Бұл біздің міндетіміз, оған таң қалудың қажеті жоқ», - деді Су полосы бойынша Қазақстанның жастар құрамасының капитаны Анастасия Калмацкая тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, қыздар бірнеше күн дік демалыстан кейін Ресейдегі жарысқа барады.

Еске сала кетсек, Үндістанның Бангалор қаласында су добынан Қазақстан мен Қытай командалары арасындағы ойын алдында дыбыстық жабдықтың техникалық ақауына байланысты ҚР гимні 8-секундта кенеттен үзілді. Сол тұста Қазақстан жасөспірімдер құрамасы абыржымай, өз даусымен әнұранды соңына дейін айтып шықты.

Сондай-ақ, жерлестеріміз қытайлық қарсыласын 11:10 есебімен жеңген болатын.

Жалпы есепте қазақстандық қыздар командасы біріншіліктің қола жүлдесіне қол жеткізді. Алтынды Жапония, күмісті – Өзбекстан құрамалары иеленді.