Ыстықкөлде соққыға жығылған қазақстандықты сараптамадан өтер кезде Қырғызстан полициясы қамап тастаған

0
255

Қырғызстанда Ыстықкөл жағасында үш жергілікті тұрғын Қазақстан азаматына шабуыл жасаған.


Ыстықкөлде соққыға жығылған қазақстандықты сараптамадан өтер кезде Қырғызстан полициясы қамап тастаған

Фото: Threads vyelenav

ERNUR.KZ. Оны таспен ұрып, басы мен бет сүйектерін ауыр жарақаттаған. Ол елге келіп ота жасатып, сараптамадан өту үшін көрші елге қайта барған. Алайда ол жақта ұсталған. Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растады, деп жазады stan.kz.

“Кесекпен аяусыз ұрып-соқты”

Аталған жағдай туралы Елена есімді азамат Threads желісіндегі парақшасында жазды. Оның мәліметінше, бұл жайт биыл 3 тамызда Ыстықкөл жағасында болған.

“Қазақстан азаматы Фархад К.-ны таспен және ірі кесектермен аяусыз ұрып-соқты. Ол басынан бірнеше жарақат алып, бет сүйектері қатты зақымданды. Алматыға оралған соң оған ота жасауға тура келді. Дәрігерлер зақымданған сүйектерді қалпына келтіру үшін көзінің асты мен бет ұрты тұсына титан пластиналарын орнатты”, – деп жазды әйел.

Әйелдің айтуынша, ер адам отадан соң сараптамадан өту үшін Қырғызстанға барған. Десе де оны шекарада полиция қызметкерлері ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен.

“Қылмыстық іс денсаулыққа жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша сараланған. Алған жарақаттары мен оның салдарын ескеріп, істі “денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру” дерегі бойынша қайта саралауды көздедік. Осыған байланысты Фархадты Қазақстанда жүргізілген сараптама қорытындысын растау үшін Бішкекке қайта сот-медициналық сараптамадан өтуге шақырды. Алайда Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында ұстады. Сосын полицейлер белгісіз бағытқа алып кетті. Ол бір тәуліктен кейін ғана хабарласты. Құжаттарын алып қойған. Енді бізге оның 48 сағатқа қайта ұсталғанын хабарлап отыр”, – деп жазды әйел.

Әйелдің жазуынша, ер адам Жеті-Өгіз ауданының ішкі істер бөлімінде болуы мүмкін. Ол жұртшылықтан осы жағдайға назар аударып, жазбаны таратуды сұрады.

Сыртқы істер министрлігі не дейді?

Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанның ішкі істер органдары Қазақстан азаматын ұстағанын растады.

Ведомство мәліметінше, қазақстандық дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Олар ұсталған азаматпен, оның туыстары және жергілікті тергеу органдарымен байланыста. Қазір ер адамға қажет консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр екен.