Зайсанда апалы-сіңлілі 4 қыз газдан уланды

0
1 560

Дәрігерлер қыздардың газдан уланғанын анықтады.


Зайсанда апалы-сіңлілі 4 қыз газдан уланды

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында апалы-сіңлілі 4 қызға ыс тиген, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін таңертең шешесі басы қатты ауырған төрт қызын ауруханаға әкелген. Дәрігерлер қыздардың газдан уланғанын анықтады. 2009, 2011 және 2014 жылы туған үш қызда уланудың орташа деңгейі, ал 2018 жылғы кенже қызында жеңіл деңгейі анықталды. Қазір олар ауруханада ем-дом алып жатыр.

Дәрігерлер оқиға туралы өрт сөндірушілерге хабар берген. Зайсан аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инспекторлары зардап шеккен қыздардың үйіне барып, оқиғаға қатты отын жағылатын пештегі ақау себеп болғанын анықтады. Үй иелерінің айтуынша, пештің мұржасы соңғы рет алдыңғы жылы тазартылыпты.

«Пеш ақаулары, мұржаның таза болмауы салдарынан адамдар жиі зардап шегеді. Күн сайын айтылатын ескертулерге қарамастан, көптеген адамдар өрт қауіпсіздігіне жете мән бермейді. Жылу маусымының басынан бері облыста иіс газынан 80 адам, соның ішінде 39 бала зардап шегіп, 8 адам қаза тапқан», - дейді ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы Анастасия Скляр.

Құтқарушылар пештерді жылу маусымының алдында тексеріп, кем дегенде 2 айда 1 рет тазалап отыру қажеттігін айтады. Айта кетейік, жылу маусымы ресми түрде 15 сәуірде аяқталады. Дегенмен тұрғындар одан кейін де пеш жаға береді.