Жамбыл өңірінде жол жөндеу жұмыстары қарқын алды

0
252

2024 жылы өңірде автокөлік жолы саласы бойынша 350-ден аса жоба жүзеге асырылған.


Жамбыл өңірінде жол жөндеу жұмыстары қарқын алды

Елімізде жол сапасына қатысты мәселе аз емес. Сондықтан да жыл сайын мыңдаған шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Биыл да он үш мың шақырымға жуық автожолдың жағдайы жақсармақ. Бұл жайында ҚР Көлік министрі мәлім етті. Министрдің айтуынша 13 мың шақырым жолдың 9,5 мың шақырымын жөндеуден өткізуге қаржы бөлініп қойған. Құрылыстың қалған бөлігіне қаржы қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Жуырда жөндеу жұмыстарын жүргізетін компаниялар арасында конкурс басталады. Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың соңына дейін ел аумағындағы республикалық жолдардың 94 пайызы талапқа сай болмақ. Одан бөлек, жалпы қашықтығы мың шақырымнан асатын жаңа жолдардың құрылысы басталатын болады.


Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде инфрақұрылымды, оның ішінде логистика саласына серпін беру өте маңызды мәселе екендігін атап өткен еді. Аталған тапсырма аясында Жамбыл облысында кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Дәлірек айтсақ, биыл Жамбыл облысында 420 шақырымға жуық жол жөндеуден өткізіледі.


Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2024 жылы өңірде автокөлік жолы саласы бойынша 350-ден аса жоба жүзеге асырылған. Соның ішінде 690,5 шақырым автожол түрлі дәрежедегі жөндеуден өткізілген. Осылайша былтырғы жылдың соңында қанағаттанарлық деңгейдегі жергілікті жолдар көрсеткіші 99, елді мекен ішіндегі көшелер көрсеткіші 87 пайызға жеткізілген.


Ал, биыл өңірде жалпы ұзындығы 417,1 шақырымды құрайтын жолдар жөнделмек. Бұл жоспарды іске асыру үшін бюджеттен 23,6 миллиард теңге бағытталып, жол саласын бойынша 150-ге тарта жоба қолға алынған. Нақтырақ айтқанда, 18 шақырымға жуық жаңа жол төселіп, сегіз шақырым автожол қайта жаңғырады және 390 шақырымнан астам жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.


Сонымен қатар, бюджеттен бөлінген қаржының 3,4 миллиард теңгесі жергілікті жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізу және күтіп ұстау мақсатына жұмсалмақ.


Нәтижесінде 2025 жылдың соңына дейін өңірдегі жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жергілікті жолдардың көрсеткіші 99,5, ал елдімекен көшелерінің үлесі 89 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр.


Жуырда облыс орталығындағы шойынжол үстінен өтетін көпірдің іргетасы қаланып, құрылысы бастау алды. Ұзындығы бір шақырымға жуықтайтын көпір халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында салынып жатыр. Көпір құрылысы жаңа стандарттар бойынша және ең озық тәжірибелер қолданыла отырып салынады. Бұл көпір жаяу жүргіншілерге арналған екі лифт, бағдаршам және жарықтандыру құрылғыларымен жабдықталып, аумағы абаттандырылатын болады. Аталған нысан теміржол желісінің екі бетінде орналасқан үйлерді байланыстырып, қаланың логистикасын дамытуға және көлік қозғалысын реттеп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Тараз шаһарында тағы бір ауқымды жол құрылысы қолға алынып отыр. Ол қаладағы екі бірдей ірі даңғылды байланыстыратын өткел құрылысы.


Тағы бір айта кетерлік ақпарат, ел президентінің тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін республика көлемінде 3000 шақырым жол қайта жөнделеді. Ал 6600 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұндағы мақсат тұрғындардың жайлы ортада өмір сүруін қамтамасыз ету.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ