Құтқарушылар жаңа туған сәбиді ауруханаға жеткізді.
ТЖМ "Қазавиақұтқару" тікұшағы кеше ғана дүниеге келген баланы санавиациямен тасымалдау үшін Бөрлі ауданы Ақсай қаласына ұшып шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәрестенің ауыр жағдайына байланысты оны Орал қаласындағы облыстық көпсалалы балалар ауруханасына шұғыл жатқызу қажет болды. Себебі, сәби тыныс алу аппаратына қосылған.
"Әр секундтың маңыздылығын ескере отырып, БҚО ТЖД басшылығы денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, тікұшақты медициналық мекеменің аумағына қондыру туралы шешім қабылдады", - деп жазылған Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
ТЖМ ұшқыштарының жоғары кәсібилігінің арқасында шұғыл тасымал сәтті жүргізіліп, кішкентай науқас анасымен бірге денсаулық сақтау қызметкерлеріне аман-есен табысталды.