Министр спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
ERNUR.KZ. Қазақстан шахмат федерациясының президенті, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов бүгін атақты қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлікпен кездесіп, оны кәсіби жетістігімен жеке құттықтап, Шахмат федерациясының ең жоғары наградаларының бірі – «Дара» орденін тапсырды, деп жазады ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Гибралтардағы әйелдер арасындағы шахматтан Гран-при кезеңіндегі ойынының қорытындысы бойынша Жансая Әбдімәлік тарихи жетістіктің авторы болды. Бірде-бір ойында жеңілмеген шахматшы мәртебелі жарыста мерзімінен бұрын жеңіске жетіп қана қоймай, сонымен қатар халықаралық гроссмейстер атағын алған алғашқы қазақстандық, сондай-ақ Орталық Азия өкілі болды.
Бейбіт Атамқұлов спортшыны жетістігімен шын жүректен құттықтап, еліміздің спорт жетістіктері қазынасына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, шахматшыға жаңа жетістіктер тіледі.
Айта кетейік, Жансая Әбдімәлік – қазақстандық шахматшы, халықаралық гроссмейстер.
Өзінің алғашқы атағын Жансая Әбдімәлік алты жасында, 2006 жылы Алматы қаласының чемпионатында 8 жасқа дейінгі қыздар арасында жеңіп алған.