"Жасыл елге" құжат тапсыру кезінде кептеліс болып, бір әйел есінен танып қалды

0
172

Орталық ғимаратының алдына 100-ден астам адам жиналды.


фото: Пресс-служба Министерства здравоохранения РК

ERNUR.KZ. Ақтауда "Жасыл ел" жастар бағдарламасына құжат рәсімдеу кезінде қалың кезек пайда болып, келушілердің бірі есінен танып қалды, деп жазады sputnik.kz.
Куәгердің айтуынша, "Жасыл ел" жастар бағдарламасы арқылы құжат рәсімдеуге барғандар ғимараттың ішіне сыймай, кептеліп қалған. Салдарынан бір әйел есінен танған. Ақтау қаласының 6-шағын ауданындағы "Арман" жастар орталығының ғимаратында болған оқиғаны қала әкімдігі растады.
"Қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізетін "Жасыл ел" жастар еңбек жасақтарына қатысуға өтінім қабылдау басталды. Жастардың қызығушылығы жоғары болғандықтан, орталық ғимаратының алдына 100-ден астам адам жиналды. Азаматтардың кенеттен және көптеп жиналуына байланысты ғимарат ішінде кептеліс пайда болып, соның салдарынан келгендердің бірінің жағдайы нашарлады", - дейді Ақтау қаласының әкімдігі.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы тез жеткен. Зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілді, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
"Жағдайды тұрақтандыру және халықтың шамадан тыс жиналуына жол бермеу үшін құжат қабылдау терезелерінің саны ұлғайтылып, тіркеу және азаматтарға қызмет көрсетуге 20-ға дейін маман бекітілді. Сондай-ақ 140 орындық жеке күту залы ұйымдастырылды", - дейді әкімдіктің баспасөз қызметі.