Жертөледе есін жинаған: Павлодарда жоғалып кеткен 12 жасар қыз табылды

0
2 628

Қыз баланы түнге қарай еріктілер тауып алған.


Жертөледе есін жинаған: Павлодарда жоғалып кеткен 12 жасар қыз табылды

ERNUR.KZ. Павлодар қаласында жоғалып кеткен 12 жасар қызды иісшіл ит ерткен полицейлермен қатар, еріктілер және қала тұрғындары кеш бойы іздеген. Жасөспірім тек түнгі сағат 22.00 шамасында табылды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Қыз баланың жоғалып кеткені туралы бұған дейін poiskoviki_pavlodara_vita instagram-паблигінде жарияланған болатын.

Белгілі болғандай, 22 наурыз күні шамамен сағат 16.00-да қоқыс тастау үшін үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған 12 жастағы баланы еріктілер, полицейлер мен кинологтар жаппай іздеуге кіріскен.

Жасөспірімнің жоғалып кеткенінен құлақтанған қала тұрғындары да оны іздеу жұмыстарына белсене атсалысып, әлеуметтік желілерде көмек сұрап, хабарландыру таратқан.

Қыз баланы тек түнге қарай «VITA» қайырымдылық ұйымының еріктілері тауып алған.

«Ксенияның айтуынша, ол есіктің алдына шыққанда есінен танып қалған. Тек әлдебір үйдің жертөлесінде, бәлкім, гаражында жатқанда ғана есін жинапты. Артынша ол жерден қашып шыққан. Ол жақын маңда тек жеке үйлердің ғана болғанын айтты», - делінген poiskoviki_pavlodara_vita Іnstagram-парақшасында.

Қазіргі уақытта полицейлер баланың шын мәнінде қайда болғанын, қандай жағдайда жоғалып кеткенін анықтап жатыр.