Жол үстінде би билеген жүргізуші мен жолаушылар жауапқа тартылды

0
97

Жүргізуші көлікті бағдаршамның қызыл жарығында тоқтатқаннан кейін, төрт жолаушы салоннан шығып, жол үстінде би билей бастаған.


Жол үстінде би билеген жүргізуші мен жолаушылар жауапқа тартылды

ERNUR.KZ. Абай облысында полицейлер жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізуші мен төрт жолаушыны жауапкершілікке тартты. Олар бағдаршамның қызыл жарығы жанып тұрған кезде автокөліктен түсіп, би билеген, деп жазады baq.kz.

Белгілі болғандай, қатысушылар заңды ғана бұзып қоймай, өз әрекеттерін әдейі "ойын-сауық мақсатында" видеоға түсірген.

Жүргізуші көлікті бағдаршамның қызыл жарығында тоқтатқаннан кейін, төрт жолаушы салоннан шығып, жол үстінде би билей бастаған. Бұл әрекеттер көлік қозғалысына кедергі келтіріп, өздерінің және басқа жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген.

Полиция қызметкерлері құқық бұзушылыққа қатысқан барлық азаматтарды жедел анықтап, бөлімшеге жеткізді.

Жүргізуші жолаушылар мен жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Төрт жолаушыға қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрекеттері үшін "ұсақ бұзақылық" бойынша айыппұл салынды.

Абай облысы Полиция департаменті мұндай "сауықтарға" жол үстінде мүлдем жол берілмейтінін ескертеді. Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен айналадағылардың қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырады, - деп жазылған ПД хабарламасында.