Сары түске боялған қос сызық жүргізушілердің назарын аударатыны сөзсіз. Бұл әсіресе ауа райы бұзылып, жолдың көрінуі нашарлаған кезде өте маңызды7
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда алғаш рет жол белгісі ретінде сары сызық қолданылды – Мәңгілік ел даңғылындағы бөлу жолағы сарыға боялды, деп жазады sputnik.kz.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, эксперимент жол апатын азайтуға бағытталған.
"Елорда аумағында пилоттық жоба аясында Мәңгілік ел даңғылының бойында Ұлы Дала көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін жол белгісі ретінде сары түсті тұтас қос сызықты қолдану бойынша жұмыстар эксперименттік тәртіпте ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бұл белгіні Жеңіс және Сарыарқа даңғылдарында қолдану жоспарланып отыр", - деп түсіндірді полиция.
Мұндай белгі әлемнің көптеген елінде қолданылады.
"Бұл белгі жүргізушілердің жолға назар салуына мүмкіндік береді, сонымен қатар қыста ауа райы нашарлап, жауын-шашын түскен кезде жол қауіпсіздігі деңгейін арттырады", - деп түсіндірді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Елжан Чупеков.
Осы белгіні қолдануға байланысты заңнамалық актілерге, соның ішінде Жол қозғалысы ережесіне тиісті өзгерістер енгізіледі.